2020 жылға қарай елімізде жеке тұлғалардың жаппай табыс және мүлік туралы декларациясы енгізіледі

АСТАНА. ҚазАқпарат - 2017 жылдан бастап Қазақстанда мемлекеттік мекеме қызметкерлері, мемлекеттік кәсіпорын жұмысшылары мен ұлттық компаниялардың әкімшілік персоналдары табыс және мүлік туралы декларация тапсыра бастайды. Бұл туралы бүгін брифингте ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің Методология департаментінің директоры Толғанай Ботақаева мәлім етті.

2020 жылға қарай елімізде жеке тұлғалардың жаппай табыс және мүлік туралы декларациясы енгізіледі

Директордың айтуынша, жоғарыда көрсетілген санаттағы қызметкерлер негізінен заңды тұлғалардың декларацияға мейілінше әзір санаты болып табылады. «Декларацияның екінші кезеңі 2020 жылға қарай енгізілмек, онда бұл шара еліміздегі барлық жеке тұлғалар үшін қамтылады», - дейді Т.Ботақаева. Тұтастай алғанда, декларациялау жүйесіне ену кезінде бастапқы декларация тапсырылатын болады. Онда азаматтар меншік құқығындағы мүлік, оның ішінде пәтер, машина, банктердегі салымдар және т.б. көрсетуі қажет. Кейіннен халық жыл сайын алынған табыстар, сатып алынған мүлік туралы декларация тапсыратын болады. Бұдан бөлек, жыл ішінде жалақы, зейнетақы, шәкіртақы алған және басқа табыстар алмаған немесе жылжымайтын мүлік сатпаған адамдар ешқандай цифр көрсетпей, бір парақта қысқаша декларация табыс ететін болады. Егер адамның дөңгелек табысы неғұрлым кең болса, онда ол толық декларация табыс етуге тиіс болады.