2020 жылға қарай еліміздегі мұнай өндіру 120 млн. тоннаға жетеді - C. Мыңбаев

Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында «2012-2014 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» ҚР заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын талқылау барысында Мұнай және газ министрі Сауат Мыңбаев осылай мәлім етті.
Сөз арасында министр алуға болатын шикізат қорларының шамамен 5,3 млрд. тонна екендігін айта келе, елімізде жыл сайын 81 млн. тонна мұнай өндірілетінін атап өтті. «Бұл өндіру көлемін біз 2015 жылға таман шамамен 90 млн. тоннаға арттыруды жоспарлаймыз. Ал 2020 жылға қарай бұл көрсеткіш 120 млн. тоннаға жетуі мүмкін», - деді Сауат Мыңбаев. Оның айтуынша, бұндай көрсеткіштер қолданыстағы келісімшарттарға негізделіп жоспарланған.
«Бұндағы негізгісі «ТеңізШевройл» мен Қашаған жобасы. Бұл ұстанымды әрі қарай жалғастыру бізге маңызды», - деді С. Мыңбаев. Оның айтуынша, жылына 120 млн. тонна мұнай өндіруді ұстап тұрғанның өзінде елдегі қор 40-45 жылға жетуі мүмкін.