2020 жылға қарай еліміздің азық-түлік қауіпсіздігі ішкі нарық есебінен қамтамасыз етіледі - А. Мамытбеков
АСТАНА. 5 қараша. ҚазАқпарат - 2020 жылға қарай еліміздің азық-түлік қауіпсіздігі ішкі нарық есебінен қамтамасыз етіледі.
Бұл туралы бүгін Парламент Сенатында «2013-2020 жылдар аралығындағы ауыл шаруашылығы кешенін дамыту мәселелері» тақырыбындағы кездесу барысында министр Асылжан Мамытбеков мәлім етті.
«2020 жылға қарай еліміздің азық-түлік қауіпсіздігі ішкі рынок есебінен қамтамасыз етіледі және бұл 80 пайыз деңгейінде орындалады деп ойлаймыз. Ең бастысы, ауыл шаруашылығы кешені ел экономикасының толыққанды саласына айналып, инвестиция үшін де тартымды бағытқа айналады», - деді министр.
Тоқтала кететін жайт, ауыл шаруашылығы кешенін дамытудың 2020 жылға дейінгі бағдарламасы бойынша осы салаға 2 трлн 986,96 млрд теңге жұмсалатыны көзделеді. Бұның 75 пайызы тауарлардың, қызметтердің экономикалық қолжетімділігін арттыру шараларына, 14 пайызы агрокешеннің мемлекеттік қамсыздандырылуын дамытуға, 10 пайызы қаржылық сауықтыруға жұмсалмақ.