2020 жылға қарай іске қосылған стратегиялық жобалар ІЖӨ-нің кемінде 7 пайыздық жиынтық тиімділігін береді
АСТАНА. 3 шілде. ҚазАқпарат - 2020 жылға қарай іске қосылған стратегиялық жобалар Ішкі жалпы өнімнің кемінде 7 пайыздық жиынтық тиімділігін береді.
Бұл туралы бүгін елордада өткен Индустриялық форум барысында ҚР Индустрия және жаңа технологиялар министрі Әсет Исекешев мәлім етті.
Министрдің атап өтуінше, олар ірі инфрақұрылымдық индустриялық жобалар. Мұндай жобалар Индустрияландыру картасында 39 пайызды, әрі картадағы инвестицияның жалпы құнының 70 пайызын құрайды. Дегенмен де оның сөзіне қарағанда, олардың үстіне қосуға болатын да болашағы зор жобалар бар.
«Олардың саны шамамен 20 болады. Осылайша, барлық 59 ірі жоба таяу 3-5 жылдың ішінде Үкіметтің басты назарында болады», - деді ол.
Сонымен қатар аталған 59 жобаның жиынтық құны 80 млрд. АҚШ долларын құрайтындығын атап өткен Ә.Исекешев: "Бұлар тау-кен металлургиясы, химия, туризм, көлік және машина жасау салаларындағы ірі жобалар екендігін атап өткім келеді. Біздің бағалауымызша, 2020 жылға қарай осы жобаларды іске қосу Ішкі жалпы өнімнің кемінде 7 пайыздық жиынтық тиімділігін береді ", - деді министр.