2020 жылға қарай Қазақстан арқылы өтетін транзит көлемі 2 есе артады - Ж. Қасымбек

АСТАНА. ҚазАқпарат - 2020 жылға қарай Қазақстан арқылы өтетін транзит көлемі 2 есе артады. Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР Инвестициялар және даму министрлігінің бірінші вице-министрі Жеңіс Қасымбек мәлім етті.

2020 жылға қарай Қазақстан арқылы өтетін транзит көлемі 2 есе артады - Ж. Қасымбек

«Қазақстан 2020 жылға қарай Орталық Азияның негізгі логистикалық операторы және екі алып нарық арасындағы негізгі транзиттеуші болады деп жоспарлап отырмыз. Сол кезде біздің еліміз арқылы өтетін транзит көлемі 2 есе артады», - деп атап өтті ол.

Бірінші вице-министрдің айтуынша, еліміздің темір жол саласы алдында 2020 жылға ақарай 6 мың шақырымға жуық теміржолды модернизациялау, инфрақұрылымды дамыту және транзиттік-көліктік әлеуетін арттыру міндеті тұр.

«Биылғы 22 тамызда жалпы ұзындығы 1250 шақырым Жезқазған-Бейнеу және Арқалық-Шұбаркөл теміржол учаскелері уақытша пайдалануға берілді. Осы жолдарда 3,5 мың жаңа жұмыс орындары ашылды. Қарағанды, Қызылорда, Ақтөбе, Маңғыстау және Қостанай облыстарында теміржол бойына 204 тұрғын үй, 2 мектеп және 3 балабақша салынады, әлеуметтік жағдай реттеледі», - дейді Ж. Қасымбек.

Оның атап өтуінше, аталған маршрутта 2018 жылға қарай 24 млн.тонна жүк тасымалданатын болады. Ал осы көрсеткіш 2020 жылға қарай 30 млн. тоннаға жеткізіледі.