2020 жылға қарай Қазақстан Халықаралық логистикалық рейтингте 37 елді басып озбақ
АСТАНА. ҚазАқпарат - Халықаралық логистикалық рейтингте Қазақстанның позициясын 2020 жылға қарай 37 орынға алға жылжыту көзделіп отыр. Бұл туралы бүгін Астанада «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ президенті Асқар Мамин мәлім етті.
«Сапалы көліктік-логистикалық инфрақұрылымды құру мен саладағы кедергілерді жою бойынша кешенді жұмыстар, икемді тарифтік саясатты жүзеге асыру, бәсекеге қабілетті көліктік-логистикалық қызметтердің тізбесін кеңейту, нарыққа қатысушылармен серіктестік қатынастарды нығайту көліктік қызметтердің сапасын жақсартуға мүмкіндік берді. Осы ретте халықаралық логистикалық рейтингте Қазақстанның позициясы 160 елдің арасында 88-орыннан 77-орынға дейін жоғарылады. Бұл ТМД елдері арасында үздік көрсеткіш болып табылады. Бұл тұрғыда 2020 жылға қарай үздік логистикалық жағдайы бар ТОП-40 елдердің қатарына кіру мақсатын қойып отырмыз»,-деді ол.
Сонымен қатар А. Мамин компания магистральды темір жол желісінің өткізгіштік қабілетін кеңейтіп отырғанын, «ЭКСПО-2017» қарсаңында әуежайдың жаңа халықаралық жолаушылар терминалы мен Астанада қазіргі заманғы темір жол вокзалын салып жатқанын еске салып өтті.
Оның сөзіне қарағанда, инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру мен олардың толық қуатына шығуы Қазақстан экономикасы үшін жаңа мүмкіндіктерді ашып отыр. Мәселен, Жезқазған-Бейнеу және Арқалық-Шұбаркөл жаңа темір жол желілері бойынша тасымалдың алғашқы 22 айында 15,7 млн. тонна жүк немесе 8 мыңға жуық жүк пойыздары өткізілді. Бұл ретте қол жеткізілген көрсеткішті жоғары бағалауға болады.