2020 жылға қарай Қазақстанда жыл сайын 10 млн. шаршы метр тұрғын үй салынуы тиіс
АСТАНА. 14 қаңтар. ҚазАқпарат - 2020 жылға қарай Қазақстанда жыл сайын 10 млн. шаршы метр тұрғын үй салынуы тиіс. Бұл туралы бүгін «Қолжетімді баспана-2020» бағдарламасының жүзеге асырылу барысы кеңінен талқыланған Үкімет отырысында ҚР Премьер-Министрі Серік Ахметов айтты.
«Қолжетімді баспана-2020» бағдарламасының 2013 жылғы қорытындысы жаман емес. Жоспар орындалды, тіпті артығымен орындалды десек те болады. Оның ішінде бағдарламаның барлық бағыттары бойынша пайдалануға берілген тұрғын үйлер көлемі 6 млн. 850 мың шаршы метрді құрайды», - деді Үкімет басшысы.
Дегенмен, С.Ахметов бұл салада әлі де шешілуі тиісті күрмеуі көп күрделі мәселелердің де бар екендігін ашық айтты. «2014 жылы жүйелі проблемалардың барлығы түбегейлі шешілуі тиіс әрі қолжетімді баспана бағдарламасы аясында салынатын тұрғын үйлер 2020 жылға қарай 10 млн. шаршы метрді құрауы керек. Біз мұны орындауға тиістіміз», - деді ол.