2020 жылға қарай «Қытай-Қазақстан-Түркіменстан-Иран» теміржолымен 700 мыңдай контейнер тасымалданады

БЕЙЖІҢ. ҚазАқпарат - 2020 жылға қарай Қазақстанның теміржол арқылы жүк тасымалдаудан түсетін кірістер құрылымында транзит үлесін 50% жеткізу жоспарланды. «Қытай-Қазақстан-Түркіменстан-Иран» теміржолы арқылы 700 мыңнан астам контейнер тасымалданбақ. Бұл туралы қазақстандық журналистерге берген сұхбатында «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ вице-президенті Қанат Алпысбаев мәлімдеді.

2020 жылға қарай «Қытай-Қазақстан-Түркіменстан-Иран» теміржолымен 700 мыңдай контейнер тасымалданады

«Мұнда «Қытай-Қазақстан-Түркіменстан-Иран» трансконтинентальды бағытты пайдалануға қызығушылық танытқан компаниялардың өкілдері болды. Бірқатар мәселе, соның ішінде Ляньюньган порттық қаласынан Бендер-Аббас және Тегеран қалаларына дейін жүретін контейнерлік пойыздардың үздіксіз жүруі талқыланды», - деді ол.

Оның айтуына қарағанда, бұл жобаларды сәтті жүзеге асырудың негізгі факторлары пойыздардың кедергісіз өтуі, сонымен қатар көліктік-логистикалық қызметтер желісінің кеңеюі болмақ.

«Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ вице-президенті «Қытай-Қазақстан-Түркіменстан-Иран» теміржолының мүмкіндіктері жайлы баяндады.

«Сарапшылардың бағалауынша, қазір оның әлеуеті жылына 700 мыңнан астам контейнерді құрайды. 2020 жылға қарай осы көрсеткішке қол жеткізуді көздеп отырмыз», - деп атап өтті Қ.Алпысбаев.

Ол Қазақстан мен Қытайда екі теміржол өткелі бар екенін еске салды. Олар жылына 40 млн тоннадан астам жүкті тасымалдауға мүмкіндік береді.

Еске сала кетейік, шараны Қазақстан мен Түркіменстанның Қытайдағы Елшіліктері сондай-ақ, «Қазақстан темір жолы» Ұлттық компаниясы» АҚ ұйымдастырған. Таныстырылымға 130-дан астам адам қатысты, олардың арасында Қазақстанның ҚХР-дағы Елшісі Шахрат Нұрышев, Түркіменстанның Қытайдағы Елшісі Чинар Рустамова, ҚХР Шэньси провинциясындағы Сиань қаласының мэрі Шангуан Цзицин, ҚКП Ляньюньган қаласындағы партия комитетінің хатшысы және аталған қала әкімшілігінің директоры У Ицяо, «Қытай теміржолдары» компаниясының вице-президенті Хуан Минь, Түркіменстан Теміржол көлігі министрлігі маркетинг бөлімінің бастығы Азат Арызмедов, «ҚТЖ» ҰК» АҚ-ның логистика жөніндегі вице-президенті Қанат Алпысбаев, ҚХР СІМ-нің өкілдері, сондай-ақ 40-қа жуық қытайлық көлік компаниялары мен БАҚ қатысты.

Шара қытайлық бизнес өкілдерінің үлкен қызығушылығын тудырды.