2020 жылға қарай жаңаратын энергия көздері 1040 МВт қуат көлемінде болады

АСТАНА. 5 ақпан. ҚазАқпарат - Электр энергетикасы және энергия тиімділігі институты құрылады. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында ҚР Премьер-Министрінің орынбасары-Индустрия және жаңа технологиялар министрі Әсет Исекешев мәлім етті.

2020 жылға қарай жаңаратын энергия көздері  1040 МВт қуат көлемінде болады

Қазақстанда 2013-2020 жылдарға арналған баламалы және жаңартылатын энергетиканы дамыту бойынша шаралардың жоспарын Үкімет қабылдағанын ескеріп өткен Ә. Исекешев, оның аясында жаңаратын энергия көздерін қолдауға бағытталған шараларды қабылдау, аталған салада зерттеулер мен мамандарға көмек жасау, жаңаратын энергетика мен энергия үнемдеу саясатын насихаттау және басқа да маңызды қадамдар ескерілгенін жеткізді.

Оның сөзіне қарағанда, алдағы уақытта Электр энергетикасы және энергия тиімділігі институты құрылады.

«Қабылданған жоспарға сәйкес 2020 жылға қарай біз жаңаратын энергия көздері 1040 МВт қуат көлемінде болады деп күтудеміз. Оның ішінде 13 жел стансасы (793 МВт), 14 ГЭС (170 МВт) , сондай-ақ 4 күн электр стансасы (77МВт) жасақталады»,-деді министр.