2020 жылға қарай жолаушылар вагонына тапшылық 10 мың орынға дейін өсуі мүмкін - Ә. Исекешев

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Егер тиісті шаралар қабылданбаса, 2020 жылға қарай жолаушылар вагонына тапшылық 10 мың орынға дейін өсуі мүмкін. Бүгін Сенаттың жалпы отырысында инвестициялар және даму министрі Әсет Исекешев осылай мәлім етті.

Еске салайық, отырыста «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне теміржол жолаушылар көлігі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР Заңы қабылданған болатын.

Министрдің айтуына қарағанда, заң жобасымен инвестициялар тарту есебінен теміржол жолаушылар вагондары паркінің тозу деңгейін төмендету көзделеді. Сонымен қатар, әлеуметтік маңызды қатынастар бойынша жолаушылар тасымалына бағаны мемлекеттік реттеу тетігі жетілдіріледі.

«Қазіргі таңда әлеуметтік маңызды қатынастар бойынша пайдаланылатын жолаушылар вагондары паркінің тозу деңгейі 70 пайызды құрайды. Ал жолаушылар паркі вагондарының жалпылама тозуы 56 пайыз. Сонымен қатар, жолаушылар вагондарының тапшылығы 6 мың орынға жетті. Егер тиісті шаралар қабылданбаса, 2020 жылға қарай жолаушылар вагонына тапшылық 10 мың орынға дейін өсуі мүмкін», - деді ҚР Инвестициялар және даму министрі Әсет Исекешев. Оның айтуынша, тозудың мұндай жағдайға жетуіне негізгі себеп тасымалдаудың шығындылығы, вагондар паркін жаңғыртуға капитал қамтымдылығының төмендігі болып табылады.

«Сонымен бірге, бұл салаға жеке инвестициялар тартудың заңнамалық тетіктері жетілмей отыр. Қазіргі күнге дейін вагондар паркін жаңарту тек субсидиялау тетігі арқылы жүзеге асып келді. Бұл жылына шамамен елу вагонды ғана құрады. Алайда, бұл тозығы жеткен ескі вагондарды алмастыруға жеткіліксіз. 2016 жылдан бастап жылына тозығы жеткен 150 вагон істен шығатыны болжанып отыр. Осыған байланысты, заңнама аясында бір тасымалдаушының өз бағытында ұзақ уақыт қызмет көрсетуін бекіту ұсынылады. Қазір бұл мерзім бір жыл болса оны 10 жылға ұзартуды қарастырамыз. Сондай-ақ ұзақ мерзімге жолаушыларды тасымалдаудың негізгі жағдайлары, атап айтқанда, тасымалдау маршруты, баға саясаты, жұмыстар мен қызметтердің көлемі мен құны анықталады», - деді министр.

Соңғы жаңалықтар