2020 жылға таман Қазақстан жылына 400 мың тонна аллюминийді терең өңдейтін болады
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - 2020 жылға таман Қазақстан жылына 400 мың тонна аллюминийді терең өңдейтін болады. ҚР Инвестициялар және даму министрі Әсет Исекешев Алматы облысындағы «Аллюминий офф Казахстан» ЖШС аллюминий өңдеу зауытында болғанында осындай пікірін білдірді.
Министр өндіріс барысымен таныса келе, зауыт басшылығына Мемлекет басшысы қойған міндетті орындау керектігін жеткізді.
«Бүгінде біз Алматы облысы әкімімен үйлесе жұмыс істеу үшін министрлік құзырына кіретін мәселелерді біраз талқыладық. Қазір индустрияландырудың екінші бесжылдығы бағдарламасына өзгертулер еніп жатыр. Оған тек өңдеу саласының жобалары ғана емес, қызмет көрсету саласының жобалары да енетін болады. Осы зауытта жылына 12 мың тонна өңделеді. 500 жаңа жұмыс орны ашылады. Жұмыс өндірісі 120 мың долларға артады. Елбасы аллюминий өңдеу көлемін 2020 жылға таман 400 мың тоннаға жеткізуге тапсырма берді. Олардың 250 мыңы терең өңделсе, 50 мың тоннасы Алматы мен Алматы облысының үлесіне келеді. Аймақ басшысымен бірлесе отырып ортақ жоспар жасамақпыз», - деді Ә.Исекешев.
Облыс әкімі Амандық Баталовтың айтуынша, көліктің дәліздің құрылысы сәтті аяқталса, жол бойында жаңа кәсіпорындар құрылады. Ол өз кезегінде жаңа жұмыс орындарын ашуға сеп болмақ. Алматы облысы аграрлық аймақ болғандықтан, бұл жерге транспорттық логистика орталық ауадай қажет.
Айта кетейік, бүгін ҚР Инвестициялар және даму министрі Әсет Исекешев Алматыға жұмыс сапарымен келді. Сапар барысында министр «Алатау» арнайы экономикалық аймағын аралап, Алматы қалалық іскерлік кеңесінің отырысына қатысты. Кездесу қорытындысында Әсет Исекешев пен Бауыржан Байбек 2015-2016 жылдарға арналған өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.