2020 жылғы Армия халықаралық ойындары аяқталды

МӘСКЕУ. ҚазАқпарат – Ресейдің Мәскеу қаласындағы «Алабино» полигонында 2020 жылғы Армия халықаралық ойындары аяқталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

2020 жылғы Армия халықаралық ойындары аяқталды

Армия халықаралық ойындары 2015 жылдан бері өткізіліп келе жатыр. Биыл оған 30-дан астам мемлекет қатысты.

«АрХО-2020» ойындарының жабылу рәсіміне елдердің қорғаныс ведомстволарының басшылары мен делегациялары қатысты.

Қазақстан Қорғаныс министрі генерал-лейтенант Нұрлан Ермекбаев салтанатты рәсім басталғанға дейін «Танк биатлоны» сайысына қатысқан қазақстандық командамен кездесті.

Ойындардың жабылу салтанатының алдында, «Танк биатлоны» сайысының финалы және экипаждардың финалдық жүрістерінің қорытындысы шығарылды. ҚР командасы 5-орын алған болатын.

«Аталған іс-шаралар аясында Н. Ермекбаев басқа мемлекеттердің қорғаныс министрлерімен кездесті. Атап айтқанда, Үнді әріптесі Раджнатх Сингхпен БҰҰ қамқорлығымен бітімгершілік операцияларына бірлесіп қатысуға басты назар аударылды. Мұндай өзара іс-қимыл 2018 жылдың қазан айынан бастап жүзеге асырылуда. Қазақстандық ротаның төртінші құрамы Ливандағы Үнді батальоны құрамындағы міндеттерді орындауда», - деді ҚР Қорғаныс министрлігінен.

Еске салайық, 4 қыркүйек күні «Патриот» әскери-патриоттық паркінде ШЫҰ, ТМД және ҰҚШҰ-ның қорғаныс ведомстволары басшыларының бірлескен отырысы өткен болатын.

«Ресей Қорғаныс министрі армия генералы Сергей Шойгудың бастамасымен алғаш рет өткізілген қорғаныс ведомстволары басшыларының кездесуінің өкілдік форматы кең ауқымды мәселелер бойынша жан-жақты пікір алмасуға мүмкіндік берді», - делінген таратылған ақпаратта.