2020 жылы адамдар күйзеліске ұшырайды
АСТАНА. 23 қараша. ҚазАқпарат - Әлемдік психологтар 2020 жылға қарай адамдардың басым көпшілігі күйзеліске ұшырайтынын болжап отыр. Бұл туралы Raut.ru. сайты хабарлады.
Сарапшылардың айтуынша, тап осы ғаламдық мұң қауіпті аурулар тудырып, өлім көрсеткішін арттырып жібереді екен. Өйткені қазір күйзеліске ұшырап отырған адамдар саны тым көп. Тіпті бұл ауру қанға сіңіп бара жатқан көрінеді. Оның үстіне, әлемде алғыр, зерек, қабілетті адамдар саны өсіп келеді екен, сарапшылар: «Мұндай қабілеті бар адамдар күйзеліске төрт есе жиі ұшырайды» дейді. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы психологтарының хабарлауынша, мұның арты адамдарды қазіргіге қарағанда әлдеқайда қатерлі трагедияға ұшыратады. Мамандардың сөзінше, келешекте адамдар арасында өлімнің көбеюі осы күйзелістің салдарынан болады екен. Психикалық ауруға шалдығатындардан бастап өз-өзіне қол жұмсайтындар саны артатын көрінеді. «Онымен қоса адамдар арасында есірткіге, ішімдікке әуес жандардың қатары көбейеді», - дейді психолог мамандар. Сондықтан ДДСҰ-ның психологтары 2020 жылы қарай әлемде адамдар өлімі мен жарымжан, мүгедек боп қалу фактілерінің басым көбі күйзеліске байланысты болатынын болжап отыр, деп жазады «Алаш айнасы» басылымы.