2020 жылы ауылшаруашылық дақылдарының түсімі қандай болды

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – 2020 жылы ауыл шаруашылығы дақылдарының нақтыланған егістік алқабы жалпы республика бойынша 22 582,3 мың гектарды құрады (2019 жылға қарағанда 2% жоғары). Бұл туралы ҚР Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық статистика бюросынан мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

2020 жылы ауылшаруашылық дақылдарының түсімі қандай болды

Оның ішінде дәнді (күрішті қосқанда) және бұршақты дақылдардың алқабы 15 878,4 мың гектарды (3,1% көп), майлы дақылдар 2 905,1 мың гектарды (1,5% көп), ашық топырақта өсірілген көкөністер 163,6 мың гектарды (2,8% көп), картоп 194,4 мың гектарды (0,7% көп) құрады.

Тазалағаннан кейінгі салмақта дәнді (күрішті қосқанда) және бұршақты дақылдардың жалпы көлемі 2019 жылмен салыстырғанда 15,1% жоғары болып, 20 065,3 мың тоннаны құрады. Ашық топырақта өсірілген көкөністер – 4,9% көп болып, 4 340,7 мың тоннаны, бақша дақылдары – 1,8% артып, 2 425,1 мың тоннаны, картоп – 2,4% артып, 4 006,8 мың тоннаны құрады. Бұл ретте майлы дақылдарды жалпы жинау 1,1% азайды және 2 556,5 мың тонна болды.

2019 жылғы деңгеймен салыстырғанда тазалағаннан кейінгі салмақта дәнді (күрішті қосқанда) және бұршақты дақылдардың түсімі 12,3% көбейіп, 12,8 ц/га құрады.

Ашық топырақтағы көкөністер (түсімділігі 2,1% өсті), бақша дақылдары (1,8%), картоп (1,6%) үшін осы жыл аса өнімді болды.