2020 жылы ел экономикасының оннан бірі исламдық қаржыландыру есебінен қаржыландырылады - Ә. Арыстанов

АЛМАТЫ. Қазанның 26-сы. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - 2011 жылы Қазақстанда Дүниежүзілік исламдық экономикалық форум өтеді. Бұл бүгін ҚР Алматы қаласындағы Өңірлік қаржы орталығы қызметін реттеу агенттігінің 2010 жылғы 9 айдағы атқарған қызметінің қорытындысына арналған баспасөз мәслихатында айтылды.

2020 жылы ел экономикасының оннан бірі исламдық қаржыландыру есебінен қаржыландырылады - Ә. Арыстанов

"Тиімді исламдық қаржы орталығы экономикаға жаңа капитал тартады. Біздің болжам бойынша, 2020 жылы Қазақстан экономикасының оннан бірі исламдық қаржыландыру есебінен қаржыландырылады", -дейді ҚР Алматы қаласы Өңірлік қаржы орталығы қызметін реттеу агенттігінің төрағасы Әркен Арыстанов.

Алдағы жылы Ислам конференциясы ұйымына төрағалық ететін Қазақстан Дүниежүзілік исламдық экономикалық форум өткізгелі отыр. Әркен Кеңесбекұлының айтуынша, бұл шаралар исламдық қаржыландыруды дамытуға тың серпін бермек. Мәселен, биыл қараша айында Алматыда дәстүрлі қаржы құралдары көрмесі өтеді. Сонымен қатар жыл соңына қарай Қазақстанның қор нарығы ІРО форумын ұйымдастырмақ. Ол "Самұрық-Қазына" ұлттық әл-ауқат қоры" АҚ-на қарасты ұлттық компанияларға, шетелдік инвесторларға және халықаралық қаржы қорларына арналып отыр. Бұдан бөлек, 2011 жылға арналған ғаламдық инвестициялық болжам конференциясы ұйымдастырылады.