2020 жылы Қазақстан ең қолайлы логистикалық климатқа ие 40 елдің қатарына енуді жоспарлауда
АСТАНА. ҚазАқпарат - 2020 жылы Қазақстан логистикалық климаты ең қолайлы 40 елдің қатарына енуді жоспарлауда.
Бұл туралы бүгін Астана экономикалық форумында «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ президенті Асқар Мамин мәлім етті.
Қазақстан ішкі жолдарды белсенді дамытып, оны Еуразиялық автомобиль жолдарымен байланыстырып жатыр. «Батыс Еуропа - Батыс Қытай» құрлықаралық дәлізі Қытайдан Еуропаға жүк тасымалдау уақытын елеулі қысқартуға жол ашады. Алдағы 6 жылда 9 813 шақырым жолды салу жоспарлануда. Оған шамамен 10 млрд. АҚШ доллары инвестиция қажет», - деп атап өтті ол.
Оның сөзіне қарағанда, Қазақстан қазіргі уақытта өңірде жұмыс жасап жатқан Бүкіләлемдік банкпен, Азия даму банкі, Еуропаның қайта құру және даму банкі, БҰҰ, ТРАСЕКА ұйымдарымен тығыз қарым-қатынас орнатқан.
«Бүкіләлемдік банкпен бірге біз LPI Логистиканың тиімді индексінің 6 көрсеткіші бойынша еліміздің логистикалық жүйесін жетілдіруге бағытталған шараларды қолға алудамыз. Біздің мақсатымыз - 2020 жылы ең қолайлы логистикалық климатқа ие 40 елдің қатарына ену. Инфрақұрылым активтеріне салынатын инвестициялардың жалпы көлемі 32,4 млрд. долларды құрамақ», - дейді А.Мамин.