2020 жылы Қазақстанның халықаралық резервтері 4 пайызға өсті

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – 2020 жылы Қазақстанның халықаралық резервтері 4 пайызға өсті. Бұл туралы ҚР Парламенті палаталарының бірлескен отырысында Премьер-Министр Асқар Мамин айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

2020 жылы Қазақстанның халықаралық резервтері 4 пайызға өсті

«Өткен жылғы күрделі жағдайға қарамастан, жылдық инфляцияның 7,5 пайыз, жұмыссыздық 4,9 пайыз деңгейінде болуын қамтамасыз еттік. Бұл көрсеткіштер жалпы әлемдік көрсеткіштерге қарағанда айтарлықтай жақсы. Халықаралық резервтер 4 пайызға өсіп, 94,3 млрд долларды, ал алтын-валюта резервтері 23,1 пайызға өсіп, 35,6 млрд долларды құрады. Ұлттық қордың шетелдік валютадағы активтері 58,7 млрд долларды құрап отыр», - деді Премьер-Министр.

Үкімет басшысының дерегінше, әлемдік тауар нарықтарында сұраныс пен баға төмендеу салдарынан сыртқы сауда айналымы 85 млрд доллар деңгейінде қалыптасты. Оның ішінде экспорт – 47 млрд және импорт 38 млрд доллар болды.

«Сыртқы саудада 8,9 млрд доллар деңгейінде оң сальдо сақталды», - деді Асқар Мамин.