2020 жылы скринингпен 4 млн-нан астам бала қамтылды

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – 2020 жылы скринингпен 4 млн-нан астам бала қамтылды. Бұл туралы халық алдында есеп беру кездесуінде ҚР Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

2020 жылы скринингпен 4 млн-нан астам бала қамтылды

«Балалардың денсаулығын сақтауды қамтамасыз ету үшін біз олардың скринингтік зерттеулерін жалғастырамыз. 2020 жылы скринингпен 4 млн-нан астам бала қамтылды, оларда 400 мыңға жуық ауру анықталды, оның ішінде 151 мыңнан астам адам есепке алынды», - деді министр Орталық коммуникациялар қызметінде.

Оның айтуынша, балалар кардиохирургиялық қызметін дамыту бойынша шаралар қабылданып жатыр. Соңғы 3 жылда балаларға 7 мыңға жуық кардиохирургиялық араласу жүргізілді. 2020 жылы ашық жүрекке 1 627 операция, 426 эндоваскулярлық операция жасалды.

«Сондай-ақ, балалар онкологиялық қызметін дамыту жалғасуда. 5 жылдың ішінде 210 сүйек кемігін транспланттау жүргізілді. Қатерлі ісіктері бар балалардың жалпы өмір сүру деңгейі қазіргі уақытта 74% құрайды», - деді А. Цой.