2021 жылдан кейін Қазақстанда дизельдік отын тапшылығы орын алуы мүмкін
АСТАНА. ҚазАқпарат - 2021 жылдан кейін Қазақстанда дизельдік отын тапшылығы орын алуы ықтимал. Бұл туралы бүгін Парламент Мәжілісінің Экология және табиғатты пайдалану комитетінің кеңейтілген отырысында Энергетика вице-министрі Ұзақбай Қарабалин мәлім етті.
«Біздің сараптамаларымыз бойынша келешекте біздің еліміздің жағдайы көтеріліп, индустриялық қуат қарқын ала бастаған сайын жанар-жағармайдың сұранысы да арта түседі. Мәселен, 2021-2024 жылдар аралығында бізде тапшылық болуы ықтимал, бұл әсіресе дизельдік отынға қатысты болып отыр», дейді Ұ. Қарабалин.
Оның айтуынша, дизельдік отынға бұл кезеңдегі тапшылық шамамен 1 млн. -1,5 млн. тонна шамасында орын алуы ықтимал. «Ал 2025 жылға қарай біз өзіміздегі мұнай өңдеуші зауыттардың күшін қосымша арттыруымыз керек», - деді вице-министр.