2021 жылы Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің атына қандай өтініштер келіп түсті

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бұған дейін Адам құқықтары жөніндегі уәкіл институты 2002 жылы Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен құрылған болатын, 2022 жылдың қыркүйегінде Омбудсмен институтының құрылғанына тура 20 жыл толады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

2021 жылы Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің  атына қандай өтініштер келіп түсті

Бұл институт БҰҰ-ға мүше 117-ден астам елде жұмыс істейді және құқық арқылы демократияға ұмтылатын мемлекеттің міндетті элементі ретінде құпталады.

Айта кетейік, 29 желтоқсанда Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды.

2021 жылғы қарашадағы жағдай бойынша Қазақстандағы Адам құқықтары жөніндегі Уәкіл Эльвира Әзімованың атына барлығы 1614 өтініш келіп түсті.

Азаматтардың шағымдары прокуратура мен полицияның лауазымды тұлғаларының іс-әрекеттері немесе әрекетсіздігі (298 өтініш), сондай-ақ сот актілеріне шағымдану (215 өтініш) мәселелеріне қатысты болды.

Қабылданған заңда Омбудсменнің мынадай өкілеттіктерін айрықша атап көрсеткен жөн: Президентке, Парламент Палаталарына, Үкіметке Адам құқықтары мен бостандықтары саласындағы заңнама мен практиканы жақсарту туралы ұсыныстармен өтініш жасау; айқындалмаған адамдар тобының құқықтары мен бостандықтарын қорғау туралы талап-арызбен сотқа жүгіну, ал жаппай және өрескел заң бұзушылықтар болған жағдайда - Конституциялық Кеңеске өтініш жасау туралы сот алдында өтініш жасау; сот практикасы аясында зерделеу үшін Жоғарғы Сотқа ақпарат пен ұсыныстар беру; азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын бұзу туралы өтініштерін қарау, мемлекеттік органдардың өкілдерімен азаматтарды бірлескен қабылдау жүргізу және заң бұзушылықтар туралы хабарламалар негізінде тексерулер жүргізуге бастамашылық жасау; Парламент палаталарында жыл сайын баяндама жасау және жекелеген мәселелер бойынша парламенттік тыңдаулар өткізуді ұсыну; Азаптауларға және қатыгез қарым-қатынастың басқа да түрлеріне қарсы ұлттық алдын алу тетігінің қызметін үйлестіру; Адам құқықтары мен бостандықтары туралы білімді ілгерілетуге, оның ішінде оқыту бағдарламаларына қатысуға құқығы бар.

«Бұл институттың Қазақстандағы басты миссиясы - адам құқықтары саласындағы сындарлы диалогты ілгерілетуге, заңнаманы және адам құқықтарын қорғау практикасын жақсартуға жәрдемдесу болып отыр. Арнайы заңның қабылдануы Адам құқықтары жөніндегі уәкілге құқық қорғау рәсімдеріне толыққанды қатысуға мүмкіндік береді», - деді ҚР Адам құқықтары жөніндегі Уәкіл Эльвира Әзімова.

Уәкіл қызметінің негізгі қағидаттары - заңдылық, объективтілік және әділдік, ашықтық, тәуелсіздік, адам құқықтары мен бостандықтары мүддесінде жауапкершілік және бейтараптылық.