2021 жылы Қазақстан экономикасының өсу қарқыны 5,1% дейін қалпына келеді - болжам

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Renaissance Capital инвестициялық компаниясы Қазақстан экономикасына қатысты болжамдары мен бағалауларын ұсынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Қазақстан компания үшін ТМД+ аймағындағы топ экономика болып қала береді. Күшті іргелі экономикалық көрсеткіштердің, едәуір жинақталған резервтердің және Үкімет тарапынан пандемия салдарына қарсы күрес бойынша уақтылы шаралардың үйлесуі энергия тасымалдаушылардың бағасының құлдырауынан және вирустың таралуын бәсеңдетуге бағытталған шектеулерден туындайтын теріс әсерлерді азайтуға мүмкіндік берді.

Биылғы сәуір-мамыр және шілде-тамыз айларындағы ішкі карантиннің екі толқынынан кейін ҚР экономикасы қайта қалпына келуде. Ағымдағы жылдың тамыз айында PMI өндірістік индексі 49,9 бейтарап мәніне дейін (а. ж. шілдеде - 48,0) дерлік өсті, қызмет көрсету саласы үшін PMI индексі 46,0-ге (а.ж. шілдеде - 32,4) жетті.

Халықтың қалыптасып жатқан ұжымдық иммунитеті, вакцинаны әзірлеу мен бейімдеудегі ілгерілеу, сондай-ақ Үкіметтің денсаулық сақтау жүйесін күшейту жөніндегі шаралары қатаң карантинді қайта енгізу қаупін азайтады.

ТМД+ контекстінде карантин шараларымен байланысты жалпы шығындар пандемия көріністеріне салыстырмалы түрде төмен құрылымдық сезімталдықтың, нақты сектордың тұрақтылығының, Үкімет тарапынан вирустың таралуын шектеу бойынша уақтылы және тиімді шаралардың үйлесуінің арқасында қалыпты болып қалып отыр.

Биылғы жылдың 1-жартысында ҚР экономикасы небәрі 1,8% қысқарды. Қысқару қарқыны Ресей Федерациясымен салыстырғанда екі есе төмен болды.

Компания болжауынша, 2021 жылы экономиканың өсу қарқыны 5,1% дейін қалпына келтіріледі. Өсу қарқыны бойынша орташа және ұзақ мерзімді болжам 4-4,5% аралығында.

2020 жылғы төмен базаны ескере отырып, компания тіпті, мұнай бағасы барреліне 20 долларға дейін төмендеген жағдайда да, экономикалық өсу қарқыны 2% асады деп күтуде.

Компания экономиканың мықты іргелі көрсеткіштерін, тұрақты фискалдық ұстанымды, мемлекеттік борыштың төмен деңгейін, сондай-ақ тұрақты саяси ахуалды ескере отырып, қазақстандық еурооблигациялар бойынша ұсынымды сақтап отыр.

ҚР экономикасы 2020 жылы өзінің егемен рейтингтерін сақтап қалады деп күтілуде және оларды орташа мерзімді перспективада арттыру әлеуеті байқалып отыр.

Биыл экономиканың шикізат нарықтарындағы құлдыраудан айтарлықтай зардап шеккеніне қарамастан, жалпы жағдай оң . Ұлттық экономиканың тұрақтылық факторларының бірі пандемия көріністеріне , оның ішінде ЖІӨ құрылымындағы көрсетілетін қызметтердің салыстырмалы төмен үлесі және халық құрылымындағы жастардың жоғары үлесі аясындағы шектеулі құрылымдық сезімталдық болды.

Ағымдағы жылдың мамыр айында алғашқы карантин шаралары жеңілдетілген соң, экономиканы қалпына келтіру салыстырмалы түрде жылдам жүргізілді, бұл ретте барлық экономикалық көрсеткіштер жақсарғанын көрсетті. 2020 жылдың 3-тоқсанының басында коронавирустың екінші толқыны оны қалпына келтіруге кедергі келтірді, бірақ шектеулердің әсері негізінен қызмет көрсету саласында ғана байқалды.

Артта қалған секторлардың бірі тау-кен өндірісі саласы болды, оған ОПЕК+ келісімдеріне сәйкес мұнай өндіруді қысқарту әсерін тигізді.

Компания а.ж. 1-ші жартысында үздік нәтиже көрсеткен құрылыс, телекоммуникация және ауыл шаруашылығы салалары (сәйкесінше 11,2%, 9,0% және 2,4% өсіммен) өсудің озық қарқынын көрсетуді жалғастырады деп болжайды.

Пандемиядан аса зардап шеккен тұтынушылық қызметтер, бөлшек сауда және көлік сияқты секторлар 2021 жылы қалпына келтіру өсімінің зор әлеуетіне ие.

Пандемиядан кейінгі кезеңдегі өсудің негізгі факторлары табиғи ресурстардың мол көлемі, тұрақты нақты сектор, демографияның салауатты құрылымы, қалпына келтіру өсуінің елеулі әлеуеті, сондай-ақ ағымдағы экономикалық реформалар мен саяси тұрақтылық есебінен бизнес ортаның жақсаруы болады.

Компания орташа мерзімді перспективада ел үшін ішкі де, сыртқы да елеулі саяси тәуекелдердің жоқтығын атап өтеді. Саяси тұрақтылықтың негізгі факторларының бірі 2019 жылы биліктің біртіндеп ауысуы болды.

Renaissance Capital – бұл Мәскеу, Лондон, Нью-Йорк, Лагос, Найроби, Йоханнесбург, Кейптаун, Каир және Никосияда кеңселері бар, дамушы және шекара нарықтарына мамандандырылған инвестициялық компания.


Соңғы жаңалықтар