2022 жылы Алматы жолдарының сапасын тексеру кезінде 356 мәрте бұзушылық анықталды

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - 2022 жылы Алматы жолдарының сапасын тексеру барысында 356 бұзушылық пен жол-құрылыс материалдарының 51%-ы талаптарға сәйкес келмейтіні анықталды. Бұл туралы Алматы қаласының Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында «Жол активтерінің сапасы ұлттық орталығы» РМК Алматы филиалының директоры Мәулен Алипов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

2022 жылы Алматы жолдарының сапасын тексеру кезінде 356 мәрте бұзушылық анықталды

Спикердің айтуынша, 2022 жылы кәсіпорын филиалы Алматы қалалық мобилділік басқармасымен жасасқан шарттың шеңберінде қала жолдарына 473 тексеріс жүргізген.

«Нәтижесінде 356 бұзушылық анықталды, жол-құрылыс материалдарының 1562 сынамасы іріктелді және сыналды, оның 795-і немесе 51% - ы талаптарға сәйкес келмейді. Оның ішінде инженерлік коммуникациялар жүргізілген соң асфальтбетон жабынын қалпына келтіру объектілері бойынша 40 тексеріс жүргізілді, жол-құрылыс материалдарының 109 сынамасы іріктеліп, сыналды. Оның ішінде 39 сынама талаптарға сай келмейді», - деді Мәулен Алипов.

Ведомство аталған мәселеге байланысты қала құрылысын бақылау басқармаларына нұсқамалар жіберген, ол бойынша 11,18 млн теңге көлемінде айыппұл салынды. 1 мердігерлік ұйым лицензиясынан айырылды, техникалық қадағалаудың 2 инженерінің аттестаттары күшін жойды.

Материалдар бойынша инженер Ескендір Садығұлов 2021 жылдың 1 шілдесінен бастап «Қаздорлаб» бағдарламалық өнімінің планшеті мен мобильді нұсқасын енгізу арқылы зертханалық сынақтардың автоматтандырылған сараптама функциялары енгізілгенін хабарлады.

«Планшетке Face ID көмегімен бекітілген сарапшы ғана қол жеткізе алады. Деректерді серверге беру инженердің орналасқан жерін көрсете отырып, онлайн режимде жүзеге асырылады. Бұл сараптама нәтижелеріне түзетулерді енгізуге мүмкіндік бермейді», - деді Е.Садығұлов.

Оның айтуынша, жұмыстың қадағалануы, ашықтығы, оның ішінде объектіге геолокациялық байланыстыру - фото-бейне тіркеу және сараптама процесіне қатысушылардың барлығын электрондық-цифрлық қолтаңбасымен бекіту арқылы қамтамасыз етілді.

Айта кетейік, Алматы қаласы еліміз бойынша Жол активтерінің сапасы ұлттық орталығы жұмысын бастаған алғашқы қалалардың бірі.