2022 жылы ауыл шаруашылығы дақылдары 22,9 млн гектарға егіледі

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Көктемгі дала жұмыстарын жүргізуге нарықтық бағадан 15%-ға төмен бағамен 400 мың тонна жанар-жағармай бөлінді. Бұл туралы ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

2022 жылы ауыл шаруашылығы дақылдары 22,9 млн гектарға егіледі

«Биылғы көктемгі дала жұмыстарын уақтылы және сапалы жүргізу мақсатында Министрлік барлық қажетті шараларды қабылдауда. Министрлікте Өңірлердегі көктемгі егіс жұмыстарын үйлестіру жөніндегі жедел штаб құрылды. Агроөнеркәсіптік кешен субъектілерін қолдау іс-шараларын өткізу үшін Кең дала бағдарламасы арқылы ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге жеңілдікті кредит беруге 70 млрд теңге бөлінді. Ал Азық-түлік корпорациясының форвардтық сатып алу бағдарламасы арқылы 80 млрд теңге бағытталады, бұл өткен жылдың деңгейінен 2 есе көп», - деді Е. Қарашөкеев Үкімет отырысында.

Оның айтуынша, бұл бағдарламалар бойынша өтінімдер қабылдау басталып кетті.

«Өткен жылғы құрғақшылық, сондай-ақ қосалқы бөлшектер, жанар-жағармай, минералды тыңайтқыштар мен пестицидтер бағасының күрт өсуі алдағы көктемгі егісті уақтылы дайындау мен сапалы жүргізуге елеулі қиындықтар туғызуда. Осыған байланысты, фермерлерді қолдау мақсатында республикалық бюджетті нақтылау кезінде көктемгі дала жұмыстарына арналған бюджеттік кредитті қосымша 70 млрд теңгеге ұлғайту мүмкіндігін қарастыруды сұраймыз», - деді министр.

Оның сөзіне қарағанда, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді арзандатылған дизель отынымен қамтамасыз ету мәселелері шешіліп жатыр. Көктемгі дала жұмыстарын жүргізуге нарықтық бағадан 15%-ға төмен бағамен 400 мың тонна көлемінде жанар-жағармай бөлінді.

«Отандық минералды тыңайтқыштар өндірушілерімен ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің қажеттіліктерін толықтай қамтамасыз ету туралы уағдаластыққа қол жеткізілді. Тұқым, тыңайтқыш пен пестицид сатып алуды субсидиялауға 2022 жылы 70 млрд теңге көзделген. Жалпы, облыстардың деректері бойынша 2022 жылы ауыл шаруашылығы дақылдарын 22,9 млн гектар алаңға егу жоспарлануда, бұл 2021 жылғы деңгейден 13,5 мың гектарға көп. Көктемгі дала жұмыстарына дайындық жоспарлы режимде жүріп жатыр», - деді ведомство басшысы.