2022 жылы экономиканың қай салаларында өсім мен құлдырау болды
АСТАНА. ҚазАқпарат – Өткен жылы газ бен мұнай өндіру төмендеді. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында ҚР Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Өңдеу өнеркәсібі салалары бойынша машина жасау өндірісі - 9,4 пайызға, оның ішінде автомобиль жасау – 19,1, электр жабдықтарын жасау – 22,2 пайызға өсті. Сондай-ақ өсім келесі салаларда байқалып отыр: азық-түлік өндірісі – 3,9, мұнай өңдеу өнімдері – 1,9, химия өнеркәсібі – 10,2, сусындар өндірісі – 11,2, пластмасса бұйымдары – 2,1, жеңіл өнеркәсіп – 6 пайыз», - деді Әлібек Қуантыров.
Министрдің атап өтуінше, өсіммен қатар кейбір көрсеткіштердің төмендегені байқалып отыр.
«Атап айтқанда, тау-кен өнеркәсібіндегі өндіріс көлемі 1 пайызға төмендеді. Салалар бөлінісінде өсім тау-кен өнеркәсібінде қызмет көрсетуде 15,9 пайызды құрады. Екі өндірістің көрсеткіші 0,7%-ке төмендеді, олар - көмір және металл кенін өндіру. Сондай-ақ, газ өндіруде – 1, мұнай өндіруде – 1,9 және өзге де пайдалы қазбаларды өндіруде 7,6 пайыз төмендеу тіркелді», - деді ол.