2022 жылы Қазақстаннан 80 шетелдік қылмыскер шығарылды - Бас прокуратура
Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы қылмысқа қарсы іс-қимыл және жазаның бұлтартпастығын қамтамасыз ету саласында шет мемлекеттермен халықаралық ынтымақтастықты белсенді дамытып келеді. Бұл ретте, жұмыстың едәуір көлемі экстрадиция сияқты маңызды бағытта жүзеге асырылады, бұл құқықтық институт ретінде азаматтардың конституциялық құқықтарына айтарлықтай әсер етеді.
Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес экстрадициялау рәсімі іздеудегі адамды ұстауды, оған қатысты соттың санкциясымен 40 тәулікке уақытша күзетпен ұстауды, содан кейін 12 ай мерзімге экстрадициялық қамаққа алуды қамтиды. Осы уақыт ішінде күзетпен ұстаудағы адамға қатысты экстрадициялық тексеріс жүргізіледі және оны шет мемлекетке беру мүмкіндігі туралы шешім қабылданады. Бұл ретте, Бас прокуратураның құзыретіне іздеудегі адамдарды экстрадициялау туралы шешімдер қабылдау мәселелері кіреді.
Бас прокуратура 2022 жылы шет мемлекеттердің ұстап беру туралы 90-нан астам сұрау салуын қарап, оның 80-і қанағаттандырылған. Қазақстанның негізгі әріптестері – Ресей, Өзбекстан және Қырғызстан. Бұл мемлекеттердің құқықтық жүйелерінің ұқсастығына, олардың географиялық орналасуының жақындығына және көші-қон ағындарының қарқындылығына байланысты.
Қылмыс санаттары бойынша адамдар негізінен алаяқтық, ұрлық, адам өлтіру, есірткінің заңсыз айналымы үшін беріледі. Мысалы, Ресей Бас прокуратурасының сұрау салуы бойынша 2022 жылы осы елдің азаматы А.Ж. Урзагулов мемлекетаралық іздеуде болған және Ақтөбе облысының аумағында ұсталған. Ресейдің құқық қорғау органдары оны адамдармен топтасып, Н.М. Жумагазиевті атыс қаруымен өлтірді деп айыптады. Орынбор облыстық сотының үкімімен А.Ж. Урзагулов қылмысы үшін 15 жылға бас бостандығынан айыруға сотталды. 75 000 АҚШ доллары сомасына алаяқтық жасағаны үшін Өзбекстанға берілген Г.Т. Нәбиев Самарқанд қалалық қылмыстық сотының үкімімен 9 жылға бас бостандығынан айыруға сотталды. Сондай-ақ, өткен жылы ресейлік құқық қорғау органдарына С.Т. Давлатов, С.В. Авдеев, Р.Х. Алиев және Е.В. Транда ауырлататын мән-жайларда адам өлтіргені үшін, Р.С. Хатов, А.А. Соколов, Х.М. Гадамаури есірткі сатқаны үшін берілді. Грузия Бас прокуратурасының сұрау салуы бойынша Р.М. Чхиквадзе денсаулыққа ауыр зиян келтіргені үшін, Қырғыз әріптестерінің сұрау салуы бойынша қарақшылық жасағаны үшін Н.К. Құрманбеков берілді.
Сонымен қатар, Қазақстанның әлемдік қоғамдастыққа бірігуі алыс шет елдердегі әріптестермен тиімді өзара іс-қимыл жасауға мүмкіндік береді. Мұндай ынтымақтастықтың құқықтық негізі – мемлекетіміз қатысатын екіжақты және көпжақты шарттар. Экстрадициялау туралы шарттары жоқ елдермен адамдарды ұстап беру туралы мәселелер халықаралық құқықта қолданылатын өзара іс-қимыл қағидаты негізінде қаралады. Бұл ретте, әрекетті қылмыс ретінде өзара тану талабы басшылыққа алынады. Атап айтқанда, соңғы жылдары АҚШ, Түркия, Литва құзыретті органдарының сұранысы бойынша іздеуде жүрген адамдар берілген.
Айта кетсек, 15 ақпан күні Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасы мен Өзбекстан Республикасы арасындағы бас бостандығынан айыруға сотталған адамдарды жазасын одан әpi өтеу үшін беру туралы шартты ратификациялау туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды.