2022 жылы машина жасау саласында 470 млн доллар шетелдік инвестиция тартылды
АСТАНА. ҚазАқпарат – 2022 жылы машина жасау саласында 470 млн доллар шетелдік инвестиция тартылды. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында Премьер-Министр Әлихан Смайылов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Машина жасау – жоғары технологиялық сала және экономиканың барлық секторларына қатысы бар. Соңғы 5 жыл ішінде бұл саланың ел экономикасындағы үлесі 1,5 есеге өсті. Өндіріс көлемі 3 есеге өсіп, 3 трлн теңгеден асты. Өткен жылдың өзінде ғана салаға 470 млн доллардан астам шетелдік инвестиция тартылды. Дегенмен, отандық машина жасау саласын дамыту мүмкіндігі бұдан да жоғары. Қазіргі таңда саланың ішкі нарықтағы үлесі бар болғаны 13 пайызды құрап отыр. Импорт шамамен 20 миллиард доллар көлемінде», - деді Үкімет басшысы.
Премер-Министрдің пайымынша, отандық өнімді экспорттау үшін айтарлықтай мүмкіндіктер бар.
«Мысалы, Еуразиялық экономикалық одақ елдерінің машина жасау өнімдері импортының жалпы көлемі 2021-ші жылы 141 млрд долларды құрады. Яғни, еліміздің аталған нарықтағы үлесін әлі де арттыруға болады», - деді Әлихан Смайылов.