2022 жылы мемлекеттік бюджетке 15 трлн теңгеден астам кіріс түсті – Қаржы министрі

АСТАНА. ҚазАқпарат – Өткен жылы ел бюджетіне 15 трлн теңгеден астам қаржы түсіп, жоспар 104,4%-ға орындалған. Бұл туралы Премьер-Министрдің орынбасары – Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

2022 жылы мемлекеттік бюджетке 15 трлн теңгеден астам кіріс түсті – Қаржы министрі

«Өткен жылы мемлекеттік бюджетке (трансферттерді есепке алмағанда) 15 трлн 668 млрд теңге көлемінде кіріс түсті. Осылайша жоспар 104,4%-ға орындалды. Кірістер бойынша жоспар 309 млрд теңгеге артығымен орындалды. Оның ішінде салықтар 210 млрд теңгеге, салықтық емес түсім 94 млрд теңгеге артығымен орындалды. Салықтар бойынша негізгі асыра орындау сомасы қосылған құн салығына тиесілі. Қосылған құн салығы бойынша жоспардың асыра орындалу факторлары сату бойынша айналымның 29%-ке өсуі, 3-інші елдерден импорт көлемінің 36%-ке немесе 7,4 млрд долларға өсуі», - деді Ерұлан Жамаубаев Үкімет отырысында.

Министрдің баяндауынша, кірістер жоспарын Маңғыстау облысынан басқа өңірлер асыра орындаған.

«Шикі мұнайға арналған экспорттық кеден бажы бойынша жоспар орындалмай қалды. Оған себеп іс жүзінде қалыптасқан экспорттық кеден бажы мөлшерлемесінің болжамды көрсеткіштен 4%-ке төмендеуі. Жергілікті бюджет кірісі 107,3%-ке атқарылды сәйкесінше 5,2 трлн теңгені құрады. Жылдық жоспар 354 млрд теңгеге асыра орындалды», - дейді ол.