2022 жылы СҚО ормандарында 34 рет өрт шыққан

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Былтыр Солтүстік Қазақстан облысының ормандарында 34 рет өрт шығып, 1,4 мың га алқап отқа оранды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

2022 жылы СҚО ормандарында 34 рет өрт шыққан

СҚО табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының мәліметінше, облыста 12 орман шаруашылығы мекемесі және «Красный бор» жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі шаруашылық жұмыс істейді.

Өртпен күрес және өрттің алдын алу – орманшылардың негізгі жұмыстарының бірі. Биыл орманды өрттен сақтау мақсатында 1,3 мың км-ге минералды жолақтар жүргізілді.

Десек те, өрт қауіпті кезеңде 1,4 мың га аумақта 34 орман өрті тіркелді. Сондай-ақ орман алқаптарына қауіп төндіретін далалық жерлерде 366 өрт болды. Екі кінәлі анықталып, олар 161 мың теңге келтірген залалдың орнын толтырды.

Өрт қауіпсіздігі ережелерін бұзғаны үшін 47 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды, оларға 834,4 мың теңге мөлшерінде айыппұл салынды.

Бұдан басқа орман күзеті биыл орман заңнамасын бұзудың 130 дерегін анықтады. Кінәлі адамдарға 2 млн теңгеге жуық әкімшілік айыппұл салынды.

СҚО-да ұзақ мерзімге келісімге отырған 18 орман пайдаланушысы бар, олар ағаш дайындаумен және ағаш өңдеумен айналысты. Жыл сайын цехтарда шамамен 100-130 мың текше метр жергілікті ағаш өңделеді.

2022 жылы 387 мың текше метр ағаш дайындалды. Оның ішінде орман шаруашылықтары 252 мың және орман пайдаланушылар 135 мың текше метр дайындады. Облыстық бюджетке орманды пайдаланғаны үшін 273 млн теңге төлем жасады.

Облыс аумағында тұрғындардың демалысын ұйымдастыру бойынша қызмет көрсету үшін орман учаскелерін жалға алған 27 орман пайдаланушы жұмыс істейді.

Фото: ҚР ТЖ министрлігінің баспасөз қызметі