2023 жылдың 11 айында электрондық сауда көлемі 2,2 трлн теңгені құрады

АСТАНА. KAZINFORM – Өткен жылдың 11 айында электрондық сауда көлемі шамамен 2,2 трлн теңгені құрады. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев айтты.

эектронды сауда
Фото: pexels.com/

«Жаһандық электрондық сауда нарығы озық қарқынмен өсуде. Электрондық сауда жан-жақты дамуға ықпал ете отырып, әлемдік экономикалық өсудің жаңа драйверіне айналды. Халықаралық сарапшылардың болжамы бойынша 2026 жылға қарай В2С әлемдік электрондық нарығы 8,2 трлн АҚШ долларын құрайды. Олардың бағалауы бойынша 2022 жылы бұл көрсеткіш 5,7 трлн АҚШ доллары болды. 2022 жылғы қорытынды бойынша Қазақстанда электрондық сауданың үлесі 12,5 пайызды құрады. Бұл шамамен 2 трлн теңге», - деді министр.

Оның атап өтуінше, Интернет арқылы негізінен үй тауарлары, киім және аяқ киім, тамақ өнімдері, косметика, дәрі-дәрмектер сатылған.

«2022 жылдың қорытындысы бойынша электрондық сауда қызметтер нарығының көлемі 1,2 трлн теңгені құрады. Оның 50,3 пайызы жолаушыларды тасымалдау қызметіне тиесілі. Өткен жылдың 11 айында электрондық сауда көлемі шамамен 2,2 трлн теңгені немесе бөлшек көлемінен 13 пайызды құрады. 2023 жылдың қорытындысы бойынша жоспарланған электрондық сауда үлесі 13,2 пайызды құрауы тиіс», - деді Арман Шаққалиев.

Министрліктің алдында электрондық сауданың үлесін 2030 жылға қарай 20 пайызға дейін жеткізу міндеті тұр