2023 жылдың 3 наурызынан бері елімізде 17,9 мың азамат банкрот деп танылды — МКК

АСТАНА. KAZINFORM — 2023 жылдың 3 наурызынан бері елімізде 17,9 мың азамат банкрот деп танылды. Бұл туралы ОКҚ алаңында Мемлекеттік кірістер комитеті төрағасының орынбасары Сейілжан Ахметов айтты.

Банкрот
Фото: Doucefleur/Getty Images

«2023 жылдың 3 наурызынан бері соттан тыс банкроттық рәсіміне 131,3 мың өтініш түсті. 6,6 мың өтініш мемлекеттік кірістер органдарында қаралуда. 8,4 мың азаматқа қатысты рәсім жүргізілуде. 1,9 мың азаматқа қатысты рәсім тоқтатылды. 215 өтінішті өтініш беруші өзі қайтарып алды. 17,9 мың азамат банкрот деп танылды, қарыз сомасы — 40,9 млрд теңге. 96 мың өтініш бойынша бас тартылды», — деді ОКҚ алаңында өткен баспасөз мәслихатында Сейілжан Ахметов.

Мәлім болғандай, банкроттық рәсімнен бас тартуға өтініш берушілердің арнайы критерийлерге сәйкес келмеуі себеп болған. Атап айтқанда:

— 69 мың өтініш (немесе 77%) 12 айлық төлем қабілетсіздігі болмауына байланысты (бөліп төлеу төлемдер болды);
— 42 мың өтініш (немесе 47%) — соттан тыс банкроттыққа жататын қаржы ұйымдарының тізімінде кредиторлардың болмауына байланысты;
— 39 мың өтініш (немесе 44%) мүліктің болуына байланысты;
— 28 мың өтініш (немесе 32%) кредитормен реттеу рәсімін растайтын құжаттың болмауына байланысты;
— 8,9 мың өтініш (немесе 10%) 1 600 АЕК көлеміндегі қарыз шегінен асып кетуіне байланысты кері қайтарылған.

Айта кетейік, 2023 жылдың 3 наурызында елімізде жеке тұлғалардың банкроттығын рәсімдеуге өтініш қабылдау басталды. 

Соңғы жаңалықтар