2023 жылы Италияда ең қолайсыз күн райы байқалған

Legambiente экологиялық лобби тобы басқаратын климаттық обсерваторияның бейсенбі күні жарияланған мәліметтеріне сәйкес, Италия 2023 жылы ауа райының 378 қолайсыз құбылысы туралы хабарлады. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 22 пайызға көп. Kazinform бұл туралы Синьхуа ақпарат агенттігіне сілтеме жасап хабарлайды. 

Италия
Фото: russian.news.cn

Бұл құбылыстарға аптап ыстық, құрғақшылық, бұршақ, су тасқыны және кем дегенде 31 адамның өмірін қиған дүлей жел енді. 

Сонымен қатар Coldiretti ауылшаруашылық кәсіподағының мәлімдеуінше, биылғы жылы Апеннин түбегінде күніне тоғыздан астам қолайсыз ауа райы құбылысы байқалған. 

Кәсіподақ сарапшыларының мәлімдеуінше, күн райының қолайсыздығы егін шаруашылығы мен ауылшаруашылық инфрақұрылымына рекордтық 6 млрд еуро сомасында зиян келтірді. Бұл аталған елде зәйтүн майы, шабдалы, нектарин және бидай өндірісінің төмендеуіне әкеп соқты. 

Legambientе есебіне сәйкес, Италияның солтүстік бөлігі ең қатты зардап шеккен, мұнда 210 экстремалды ауа райы құбылысы болған. Орталық аудандарда мұндай 98 жағдай, оңтүстік өңірлерде 70 жағдай тіркелді.