2023 жылы транзиттік тасымалдау көлемі өсті – Көлік министрлігі
Биыл контейнерлік транзит саласында оң қарқын сақталды. Бұл туралы Көлік министрлігі Теміржол және су көлігі комитеті төрағасының орынбасары Қасым Тілепов айтты, деп хабарлайды Kazinform.
«Мемлекет басшысы елдің көлік әлеуетін дамытуға, оның ішінде транзиттік жүк ағындарын ұлғайтуға ерекше назар аударып отыр. 2023 жылдың 11 айында транзиттік тасымалдау көлемі 19 пайызға өсіп, 24 млн 800 мың тоннаны құрады. Контейнерлік транзит саласында оң динамика сақталды. Көрсетілген кезеңде бұл көрсеткіш 1 млн 180 мың жиырма футтық эквивалентке жетіп отыр. Қазір инфрақұрылым мен сервистік қызметтерді жақсарту бойынша жұмыстар жалғасып жатыр. «Достық – Мойынты» учаскесінде екінші жолдың құрылысы жалғасуда, бұл учаскенің өткізу қабілетін 5 есеге арттыруға мүмкіндік береді», - деді Қ. Тілепов.
Оның айтуынша, биыл 3 ірі жаңа жобаны іске асыру басталды. Атап айтқанда, «Дарбаза-Мақтаарал» Орталық Азия елдері бағытында өткізу қабілетін қазіргі 30 млн тоннадан тағы 10 млн тоннаға арттыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, «Алматы торабын айналып өтетін теміржол желісі» Алматы станциясы арқылы жүктерді жеткізу мерзімін 24 сағатқа қысқартуға мүмкіндік береді. Ал «Бақты-Аягөз» Қытай бағытында қазақстандық инфрақұрылымның өткізу қабілетін жылына 20 млн тоннаға арттыруға жол ашады.
«Биыл 133 локомотив сатып алдық. Бұл отандық локомотивтер паркін 6 пайызға жаңартады. Аталған шаралар тозу деңгейін 58 пайыздан 52 пайызға дейін төмендетуге мүмкіндік берді. Ұлттық оператор қосымша 3 мың жартылай вагон сатып алуды жоспарлап отыр. Оның 275-і биыл жеткізілді. Жолаушыларға ыңғайлы жақсарту үшін 856 вагон сатып алынады. Қазір нақты 100 вагон әкелінді. Осы сатып алулардың нәтижесінде тозу деңгейін 47 пайыздан 45 пайызға қысқарттық», - деді теміржол комитетінің өкілі.
Қазақстандық компаниялардың сыртқы нарыққа шығу географиясы кеңеюде. Жақында Қытай Халық Республикасының Сиань қаласында терминал ашылып, ол өз кезегінде Қытайдан жүк ағындарын тарту жөніндегі бастамалардың жалғасы болмақ.
Бұдан бөлек, жеке компания Транскаспий халықаралық көлік маршрутының әлеуетін арттыруға мүмкіндік беретін Поти портында терминал салуды бастады. Мәселен, биыл осы бағыт бойынша 2 млн 750 мың тонна жүк тасымалданды. Бұл былтырмен салыстырғанда 64 пайызға артық (1,7 млн тонна). Биыл алғаш рет аталған бағыт бойынша мұнай тасымалданған. Осы бағыт бойынша жүк тасымалдауды дамыту мақсатында биыл TARAZ және LIWA мұнай танкері, 8 мың тонна дедвейт сатып алынды (кемелер 26.11.2023 жылы пайдалануға берілді).
Сондай-ақ биыл Құрық портында Abu Dhabi ports компаниясымен бірлесіп астық терминалы іске қосылды.
«Сонымен қатар, Құрық портынан Еуропаға таза сутегі мен аммиак тасымалдау туралы келісімге қол қойылды. Құрық портының терминалдарын дамытуға инвестициялардың жалпы көлемі 200 млн АҚШ долларынан астам болады. Үкімет ішкі су көлігін қарқынды дамыту жөніндегі ұсынысты қолдап отыр. Атап айтқанда, Ертіс өзенінің трансшекаралық транзиттік әлеуетін ұлғайту және «Ресей – Қазақстан – Қытай» жаңа дәлізін құру жоспарланып отыр», - деді Қасым Тілепов.
Трансшекаралық Ертіс өзенінің көрші мемлекеттерімен транзиттік мүмкіндіктерді дамыту келешекте тасымалдау көлемін қазіргі 1,5 млн-нан тағы 2 млн тоннаға дейін жеткізуге мүмкіндік береді.