2023 жылдың І тоқсанында машина жасау саласына 208 млн доллар тікелей шетелдік инвестиция тартылды
АСТАНА. ҚазАқпарат – 2023 жылдың 1-ші тоқсанында машина жасау саласына 208 млн доллар тікелей шетелдік инвестиция тартылды. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Марат Қарабаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Бүгінгі таңда экономика құрылымында машина жасау саласының үлесі - 1,5, ал өңдеуші өнеркәсіпте 13 пайызды құрайды. Салада қазіргі уақытта 3 мың 800 кәсіпорын қызмет етуде. Жұмыспен қамтылғандардың саны 118 мыңнан астам адамды құрап отыр. Соңғы 5 жыл ішінде саланың нақты өсімі 2,3 есені құрады. Ең үлкен өсімді автомобиль жасау саласы көрсетіп отыр. 2022 жылдың қорытындысы бойынша машина жасауға шамамен 500 млн АҚШ долларды құрайтын тікелей инвестиция тартылды. Бұл көрсеткіш рекордтық болып саналады. 2023 жылдың 1-ші тоқсанында салаға тартылған тікелей шетелдік инвестициялар 208 млн АҚШ долларды құрады», - деді министр.
Оның дерегінше, өңдеуші өнеркәсіп салаларының ішінде машина жасау ең қарқынды дамып келе жатқан сала саналады.
«Салыстырмалы түрде соңғы 5 жыл ішінде өңдеуші өнеркәсіптің орташа өсу қарқыны 4,5 пайыз болса, ал машина жасаудың өсу қарқыны 17,6 пайызды құрап отыр. Бұл үрдіс биыл да байқалады, 6 айдың қорытындысы бойынша нақты көлем индексі 128,8 пайызды құрап 1 трлн 800 млрд теңге сомасына өнім шығарылды. Қолданыстағы өндірістердің қуаты біртіндеп артатынын ескеретін болсақ, өндіріс көлемі одан әрі өсетін болады», - деді Марат Қарабаев.