2023 жылы Қазақстанда лицензиясыз жұмыс істейтін туристік агенттерді тексере бастайды

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Пандемия ішкі туризмнің дамуына жаңа серпін берді. Жыл санап түрлі қызмет ұсынатын туристік компаниялардың саны артып келеді. Сондай-ақ, ішкі нарықта демалыс және мереке күндері еліміздің көрікті жерлеріне арнайы саяхат ұйымдастыратын туристік операторлар да бар.
None
None

Осыған орай ҚазАқпарат тілшісі түрлі туристік мекемелер ұсынатын қызметтің заңдылығына қатысты мән-жайды құзырлы органнан сұрап білген еді.

«Туристік қызмет көрсететін компаниялар мемлекеттік кірістер органдарында жеке кәсіпкер немесе заңды тұлға ретінде тіркелуі тиіс. Яғни аталған мекеме туристік қызмет көрсету бойынша лицензия алуы міндетті немесе турагенттік қызметтің басталғаны туралы хабарлама жіберуі қажет», - деп түсіндірді ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің баспасөз қызметі.

Министрліктің мәліметінше, бүгінде көптеген туристік компания ресми тіркеуінің жоқтығына қарамастан алдын-ала төлем сұрайды.

«Егер туристік фирмалар жеке кәсіпкер немесе заңды тұлға ретінде тіркеусіз және рұқсатсыз қызмет көрсетсе ол - заңсыз. Агенттіктің гид және экскурсоводтармен жасалатын шартты қоспағанда, туристік қызмет көрсетуге арналған шарттың болуы міндетті және ол Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес келуге тиіс. Сәйкесінше туристік фирма клиенттеріне қызмет көрсетуге арналған шартын ұсынуы керек. Сол арқылы тараптар уағдаластық бойынша ақы төлеу шарттары мен тәртібін айқындайды», - дейді аталған ведомстводан.

Егер кәсіпкерлік қызмет тіркеусіз және рұқсатсыз жүзеге асырылып, бірақ қылмыстық жазаланатын әрекет белгілері болмаса, ондай жағдайда туристік компанияға айыппұл салынады.

Атап айтқанда, жеке тұлғаларға – 45 945 теңге немесе 15 АЕК, лауазымды тұлғаларға, шағын кәсіпкерлік субъектілеріне немесе коммерциялық емес ұйымдарға – 76 575 теңге немесе 25 АЕК, орта кәсіпкерлік субъектілері үшін – 122 520 теңге немесе 40 АЕК және ірі кәсіпкерлік субъектілеріне – 459 450 теңге немесе 150 АЕК көлемі айыппұл қарастырылған.

Кәсіпкерлік немесе өзге де қызметпен лицензиясыз айналысу «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» ҚР кодексінің 463-бабының 1-тармағына сәйкес әкімшілік құқық бұзушылық арқылы тапқан кірісті, қаржы мен бағалы қағаздарды қосымша тәркілеуге әкеп соғады.

Жеке және заңды тұлғалардың өтініштері негізінде туризм индустриясы комитеті субъектілерге тексеру жүргізеді. Дегенмен ҚР Мәдениет және спорт министрлігі ҚР Президентінің Жарлығына сәйкес 2023 жылға дейін шағын кәсіпкерлік субъектілеріне, оның ішінде микрокәсіпкерлік субъектілердің қызметін тексеруге, профилактикалық бақылау мен қадағалауға мораторий енгізілгенін еске салды. Яғни туроператорлардың, компаниялар мен агенттіктердің қызметі келесі жылдан бастап тексеріле бастайды.

Бүгінгі таңда мемлекеттік электрондық тізілімде 5 614 туристік агент, 264 туроператор бар. Оның ішінде 205 туристік оператор сырттан келетін және ішкі туризм саласында, 34 - келу туризмі саласында сол секілді 25 мекеме шығу туризмі саласында жұмыс істейді. Тексеруге мораторий енгізілгенге дейін Туризм индустриясы комитетінің қызметкерлері 2017 жылы 4 рет жоспардан тыс, 2018 жылы - 12 жоспардан тыс және 2019 жылы 9 рет жоспардан тыс тексеру жүргізді.

Жүргізілген тексерулер қорытындысы бойынша материалдар әкімшілік соттарға қарауға жіберілді. Қарау қорытындысы бойынша әкімшілік айыппұл түрінде өндіріп алу туралы қаулы шығарылды.

ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің Туризм индустриясы комитеті қазақстандықтарға демалыс немесе саясаттауға арналған жолдамаларды сатып алғанға дейін турагенттердің, гидтердің, экскурсоводтардың және туризм нұсқаушыларының мемлекеттік электрондық тізілімінде туркомпаниялардың қызметін тексеру қажеттігін ескертеді.

Қазақстаннан тыс жерден билетті сатып алғанда, туристік код болуы керек. Өз қызметін ҚР азаматтарының шығу туризмі саласындағы құқықтарына кепілдік беру жүйесі шеңберінде жүзеге асыратын туроператорлар мен турагенттер туристерге туркод береді. Олар бойынша ақпаратты «Туристік Қамқор» корпоративтік қорының сайтынан көруге болады.


Соңғы жаңалықтар