2023 жылы Ұлттық қордан 2,2 трлн теңге кепілдендірілген трансферт алынады

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Үкімет 2023 жылы Ұлттық қордан 2,2 трлн теңге кепілдендірілген трансферт алмақ. Бұл туралы Сенаттың жалпы отырысында «Ұлттық қордан 2023-2025 жылдарға арналған кепілдендірілген трансферт туралы» Заң жобасын таныстырған Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Заң жобасы Бюджет кодексінің жаңа талаптарын ескере отырып әзірленді. Ұлттық қордан берілетін кепілдендірілген трансферттің көлемі жаңа бюджеттік қағидаға сәйкес мұнайға кесімді бағаны ескере отырып айқындалды және болжам бойынша мұнай секторы ұйымдарынан Ұлттық қорға түсетін тікелей салықтардың көлемінен аспайтын болады. Бұл ретте, заң жобасында мұнайдың кесімді бағасы баррелліне 2023 жылы - 48,9 АҚШ доллары, 2024-2025 жылдары 42,2-40,3 АҚШ доллары деңгейінде белгіленді. Осыны ескере отырып, республикалық бюджетке кепілдендірілген трансферттің мөлшері 2023 жылы 2,2 трлн теңге, одан әрі 2024 жылы 2 трлн теңге және 2025 жылы 1,9 трлн теңге көлемінде айқындалды», - деді министр.

Оның атап өтуінше, жоспарлы кезеңде қағидаларды қолдану Ұлттық қордың валюталық активтерін 2023 жылы 66,7 млрд АҚШ долларына дейін қалпына келтіруге, одан әрі 2024-2025 жылдары 78,8-93,2 млрд АҚШ долларына дейін арттыруға ықпал етеді.

«Біздің болжамымыз бойынша Ұлттық қордан тартылатын кепілдендірілген трансферттің көлеміне және орта мерзімді кезеңде шығыстардың өсу қарқынына жоғарғы шекті белгілеу фискалдық тәртіпті арттыруға және Ұлттық қордың жинақтау функциясын күшейтуге мүмкіндік береді. Заң жобасын қабылдау жоспарлы кезеңде республикалық бюджеттің теңгерімділігін қамтамасыз етуге және осы ретте Ұлттық қордың тұрақтандыру функциясын іске асыруға мүмкіндік береді», - деді Әлібек Қуантыров.


Соңғы жаңалықтар