2023 жылы Ұлттық қордан республикалық бюджетке 2,2 трлн теңге бағытталмақ

АСТАНА. ҚазАқпарат – Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан 2023-2025 жылдарға арналған кепілдендірілген трансферт туралы» заң жобасы мақұлданды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

2023 жылы Ұлттық қордан республикалық бюджетке 2,2 трлн теңге бағытталмақ

«Заң жобасы Бюджет кодексінің жаңа талаптарын ескере отырып әзірленді. Ұлттық қордан берілетін кепілдендірілген трансферттің көлемі жаңа бюджеттік қағидаға сәйкес мұнайға кесімді бағаны ескере отырып айқындалды және болжам бойынша мұнай секторы ұйымдарынан Ұлттық қорға түсетін тікелей салықтардың көлемінен аспайтын болады. Бұл ретте, заң жобасында мұнайдың кесімді бағасы баррелліне 2023 жылы 48,9 АҚШ доллары, 2024-2025 жылдары 42,2 - 40,3 АҚШ доллары деңгейінде белгіленді. Осыны ескере отырып, республикалық бюджетке кепілдендірілген трансферттің мөлшері 2023 жылы 2,2 трлн теңге, одан әрі 2024 жылы 2 трлн теңге және 2025 жылы 1,9 трлн теңге көлемінде айқындалды», - деді ҚР Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров.

Оның айтуынша, жоспарлы кезеңде тиісті қағидаларды қолдану Ұлттық қордың валюталық активтерін 2023 жылы 66,7 млрд АҚШ долларына дейін қалпына келтіруге, одан әрі 2024-2025 жылдары 78,8 - 93,2 млрд АҚШ долларына дейін арттыруға ықпал етеді.

«Заң жобасын уақтылы қабылдау жоспарлы кезеңде республикалық бюджеттің теңгерімділігін қамтамасыз етуге және осы ретте Ұлттық қордың тұрақтандыру функциясын іске асыруға мүмкіндік береді», - деді министр.