2023 жылы жергілікті желідегі 59 жоба бойынша құрылыс жүргізіледі - Индустрия министрлігі

АСТАНА. ҚазАқпарат - 2023 жылы республикалық бюджет есебінен құрылыс жұмыстары 59 жоба бойынша жүргізілетін болады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
None

«Бірінші кезекте әлеуметтік-экономикалық маңызды жобалар бойынша жұмыстар жоспарланып отыр. Облыстық және аудандық маңызы бар автомобиль жолдарында күрделі және орташа жөндеуді қаржыландыруға бағытталған шығыстар 2023-2025 жылдарға арналған жалпы трансферттер ретінде жергілікті бюджет игеретін базаға аударылатын болады. Онда 444 млрд теңге сомасында қаражат көзделеді. Қаржыландырудың бұл тетігі жергілікті атқарушы органдардың жоспарлау тәртібін оңтайландыруға, сондай-ақ жергілікті атқарушы органдардың дербестігін нығайтуға мүмкіндік береді», - делінген ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің Автомобиль жолдары комитетінің мәліметінде.

Айтап айтқанда, жөнделетін жолдардың тізбесін жергілікті атқарушы орган айқындайтын болады.

Ведомство хабарламасында жол желісін қалпына келтіру жұмыстарына басымдық берілетіні айтылған. Сондай-ақ, елді мекендер арасындағы көлік қатынасын жақсарту үшін жергілікті желінің автомобиль жолдарын қатты жабынға ауыстыруға да ерекше назар аударылмақ.

Айта кетейік, Мемлекет басшысы жол сапасына қатысты тиісті тапсырма беріп, 2025 жылға дейін жергілікті жолдардың кемінде 95 пайызын жақсартуды жүктеді.

Осы міндетті жүзеге асыру мақсатында 2025 жылға қарай кемінде 27 мың шақырым жергілікті жолдар бойынша құрылыс пен реконструкциялауды қамтамасыз ету қажет.


Соңғы жаңалықтар