2024 жылдың наурызы тарихтағы ең ыстық ай ретінде тіркелді

ауа райы
Фото: Pixabay

АСТАНА. KAZINFORM – Өткен наурыз айы әлем бойынша рекордтық ең ыстық ай болды. Метеорологтар оныншы ай қатарынан ай сайынғы температура рекордын тіркеді. Бұл туралы Copernicus еуропалық климаттық қызметі хабарлады. 

Copernicus мәліметтері бойынша, ақпан айында планетаның бетіндегі орташа температура Цельсий бойынша 14,14 градусты құрады — бұл 1991 жылдан 2020 жылға дейінгі наурыздағы орташа көрсеткіштен 0,73 градусқа жоғары. Сонымен қатар бұл 2016 жылдың наурызында тіркелген алдыңғы рекордтық ең жылы айдан 0,10 градусқа жоғары.

Соңғы 12 айдағы (2023 жылдың сәуірінен 2024 жылдың наурызына дейін) жаһандық орташа температура да рекордтық көрсеткішке жетті. Температура 1 850−1 900 жылдардағы индустрияға дейінгі кезеңнен Цельсий бойынша 1,58 градус жоғары болды.

«2024 жылдың наурызы ауа мен теңіз бетінің температурасы бойынша климаттық рекордтарды орнатуды жалғастырып жатыр... Жаһандық жылынуды тоқтату үшін парниктік газдар шығарындыларын жылдам азайту қажет», - деді Copernicus директорының орынбасары Саманта Берджесс.

Еуропадан басқа, Солтүстік Америка, Гренландия, Ресей, Орталық Америка, Оңтүстік Американың бір бөлігі, Африканың көп бөлігі, Австралияның оңтүстігі және Антарктиданың кейбір бөліктерінде орташадан жоғары температура тіркелді. 

Соңғы жаңалықтар