2024 жылы әлемдік контейнерлік тасымалдар нарығы 6% өсуі мүмкін

АСТАНА. KAZINFORM – 2024 жылдың қорытындысы бойынша әлемдік контейнер нарығының көлемі 6%-ға өсуі мүмкін. Мұндай болжамды A.P. Moller-Maersk A/S (APMM) трансұлттық компаниясы ұсынды.

поезд
Фото: Azertag.az

2024 жылдың мамыр айында Maersk әлемдік контейнерлік тасымалдар нарығының өсімін 2,5-4,5% аралығында болады деп бағалаған еді. Тамыз айында компания өз болжамын жоғарылатып, 4-6% аралығына деп түзетті.

«2024 жылға арналған әлемдік контейнерлік тасымалдар нарығының өсім болжамы қайта қаралды және шамамен 6% құрайды (бұрынғы көрсеткіш 4-6% еді)», - делінген APMM-нің осы аптада жарияланған хабарламасында.

Еске сала кетейік, ХВҚ есебіне сәйкес, жыл басында Қызыл теңіздегі дағдарысқа байланысты биылғы жылдың алғашқы екі айында Суэц каналы арқылы өтетін сауда көлемі жылдық көрсеткіште 50%-ға төмендеді, ал Қайырымды үміт мүйісі арқылы транзитпен өтетін сауда көлемі 2023 жылғы деңгеймен салыстырғанда шамамен 74%-ға өсті.

Бұған дейін Қазақстан-Қытай мұнай құбырының өткізу мүмкіндігін ұлғайту шаралары қолға алынғанын жазған едік.