2024 жылы салық бойынша 35 мың тексеру аяқталды — Қаржы министрлігі
АСТАНА. KAZINFORM — Кірістер бойынша жоспардың орындалмауы 609 млрд теңге. Бұл туралы Парламент Мәжілісінде 2024 жылғы бюджеттің атқарылуы туралы Үкімет есебін таныстыру кезінде Қаржы вице-министрі Дәурен Темірбеков мәлім етті.

— Бюджет түсімдері 97,5 пайызға атқарылып, 19 трлн 945 млрд теңгені құрады. Шығыстар 23 трлн 594 млрд теңгеге немесе 97,8 пайызға іске асырылды. Бюджет тапшылығы 3 трлн 649 млрд теңгені немесе жалпы ішкі өнімге шаққанда 2,7 пайызды құрады, — деді Д. Темірбеков.
Оның айтуынша, 2024 жылға арналған республикалық бюджеттің кірістері бойынша жылдық жоспар 97,2 пайызға орындалды, яғни 20,2 трлн теңге жоспар аясында бюджетке 19,6 трлн теңге түсті. Соның арасында республикалық бюджеттің меншікті кірістері 13,5 трлн теңгеге жетті немесе жоспардың орындалуы 95,7 пайыз. Кірістер бойынша жоспардың орындалмауы 609 млрд теңге.
— 2024 жылы шамамен салық бойынша 35 мың тексеру аяқталды. 14 пайыз өсу қарқынымен 377 млрд теңге қосымша салық есептелді. 140 млрд теңге өндіріліп алынды. Қазіргі кезде әкімшілендіруге де, қашықтан бақылауға да баса назар аударылған камералдық бақылау үнемі жетілдіріліп отырады. Адами факторды алып тастай отырып, автоматтандырылған сервистік модельге өтіп жатырмыз. Мәселен, 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап камералдық бақылау хабарламасына жауап берген салық төлеушілер бойынша банк шоттары бұғатталмайды. Осы орайда кәсіпкердің қаржы-шаруашылық қызметі шектелмейді, — деді вице-министр.
Оның сөзіне қарағанда, камералдық бақылау бойынша 2024 жылы 536 млрд теңге қосымша есептеліп, бюджетке 262 млрд теңге өндіріліп алынды.
Бұдан бұрын Парламент Мәжілісі Қазақстан Үкіметінің және ҚР Жоғары аудиторлық палатасының 2024 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есептерін талқылайтынын жазған едік.
Еске салсақ, Мәжіліс депутаты Мұрат Ергешбаев бюджет тапшылығына жоспарлау тәсіліндегі кемшіліктер әсер етіп отырғанын айтқан еді.