2024 жылы Ұлттық қордың таза валюталық активтері қай деңгейге жетеді
АСТАНА. KAZINFORM – Бүгін Сенаттың жалпы отырысында ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров 2024 жылға арналған республикалық бюджет пен Ұлттық қор параметрлерінің нақтыланған болжамын таныстырды.

- Осы жылдың басынан бері 2024 жылға арналған макро көрсеткіштер болжамын қалыптастырудың бастапқы параметрлері ел экономикасының дамуына сәйкес келеді. Бұл ретте, осы жылдың 11 айының қорытындысы бойынша мұнайдың орташа бағасы барреліне 79,9 АҚШ доллары деңгейінде қалыптасты. Осыны ескере отырып, 2024 жылға арналған бастапқы параметрлер бұрынғы деңгейде, яғни мұнай бағасы – барреліне 80 АҚШ доллары, инфляция 6-8 пайыз деңгейінде сақталды, - деді Н.Байбазаров.
Бұл тұрғыда ол 2024 жылға арналған макро көрсеткіштердің параметрлері 2024-2028 жылдарға арналған мақұлданған болжам аясында сақталғанын айтты. Осы ретте, республикалық бюджеттің кірістері 14,1 трлн теңге көлемінде бағаланды, бұл бекітілген жоспардан 2 трлн теңгеге төмен. Негізгі төмендеу корпоративтік табыс салығына, қосылған құн салығына және мұнайға экспорттық кедендік баж салығына тиесілі. Бұл салықтар бюджетке түсетін салық түсімдерінің басыңқы бөлігін құрайды, яғни қосылған құн салығының үлесі – 45,9 пайыз, корпоративтік табыс салығы – 29 пайыз және мұнайға экспорттық кедендік баж салығы – 10,8 пайыз.
- Корпоративтік табыс салығы бекітілген жоспарға қарағанда 1,1 трлн теңгеге төмендей отырып болжанды. Бұған металдардың белгілі бір түрлеріне бағаның төмендеуі, жекелеген ірі кәсіпорындар бойынша өндіру мен өндіріс көлемінің қысқаруы, осы жылдың төлемдерін өткен жылы алдын ала төлеу әсер етті. Қосылған құн салығы бойынша бекітілген жоспарға қарағанда түсімдердің 1,5 трлн теңгеге төмендеуі, бюджеттен қосылған құн салығын қайтаруды 595 млрд теңгеге ұлғайту, импорт көлемін 8,3%-ға төмендеуі және биылдың 9 айындағы түсімдер фактісі бойынша есептерді нақтылау есебінен болжанады. Мұнайға экспорттық кедендік баж бойынша мұнай өндіруді 95,4 млн тоннадан 90,3 млн тоннаға дейін төмендету есебінен түсімдер 266 млрд теңгеге төмендеуі мүмкін, - деді министр.
Оның сөзіне қарағанда, бюджеттің теңгерімділігін қамтамасыз ету және өңірлік өсу деңгейін қолдау мақсатында Бюджет кодексінің 23-бабының талаптарын ескере отырып, Ұлттық қордан 2 трлн теңге көлемінде нысаналы трансфертті қосымша тарту қарастырылды.
- Осыны ескере отырып, Ұлттық қордың таза валюталық активтері 2024 жылы 58,2 млрд АҚШ долларын құрайды деп болжанған. Шығыстар мен тапшылықтың нақтыланған көлемдерінде былтырғы бюджет қаражатының 61 млрд теңге мөлшеріндегі қалдықтары да ескерілді. Бұл ретте, 2024 жылы республикалық бюджеттің шығыстары 24 трлн теңге көлемінде, ал бюджет тапшылығы мен мұнай емес тапшылық деңгейлері жалпы ішкі өнімге 2,7 және 7,8 пайыз түзетілген деңгейінде сақталады, - деді Нұрлан Байбазаров.