2024 жылғы жазғы Олимпиаданы өткізуден үмітті қалалар анықталды
АСТАНА. ҚазАқпарат - 2024 жылғы жазғы Олимпиаданы өткізуден үмітті қалалар белгілі болды. Кеше Халықаралық Олимпиада комитетіне (ХОК) соңғы болып АҚШ-тың Лос-Анджелес қаласы өз өтінімін білдірді. Бұл туралы АҚШ Ұлттық Олимпиада комитетінің (USOC) ресми сайтына сілтеме жасаған eurosport.ru хабарлады.
Лос-Анджелес бұған дейін екі мәрте, яғни, 1932 және 1984 жылдары аталған Ойындарды қабылдады. Егер осы жолы да дүбірлі доданы ұйымдастыру құқығын жеңіп алса, Лос-Анджелес үш рет Олимпиада өткен екінші қала ретінде тіркеледі. Әзірге мұндай жетістікпен тек Ұлыбританияның астанасы - Лондон қаласы ғана мақтана алады. Айта кетейік, алғашында АҚШ-тың Бостон қаласы үміткерлердің қатарында болған. Кейін аталған қала басшылығы өз өтінімдерін кері қайтарып алды. Ал соңғы күндері оның орнын Лос-Анджелес басты. Сонымен қатар, 2024 жылғы Олимпиаданы өткізуден мына қалалар үмітті: Гамбург (Германия), Рим (Италия), Париж (Франция) және Будапешт (Венгрия). Олимпиада астанасы 2017 жылы 15 қыркүйекте Лима қаласында (Перу) өтетін ХОК-тің 130-сессиясында анықталады. Ал оған дейінгі 2016 және 2020 жылғы жазғы Олимпиадалар тиісінше Рио-де-Жанейро (Бразилия) мен Токиода (Жапония) өткізіледі, деп жазады egemen.kz. Фото: eurosport.ru.