2025-2027 жылдар аралығында қалдықтарды сұрыптау және қайта өңдеу жобалары іске асырылмақ
АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстанда экологиялық мәдениетті дамыту 2024-2029 жылдар кезеңінде үш бағыт бойынша жүзеге асырылады. Бірінші бағыт аясында 2025-2027 жылдар аралығында қалдықтарды сұрыптау және қайта өңдеу бойынша жобалар іске асырылмақ. Бұл туралы Экология және табиғи ресурстар вице-министрі Жомарт Әлиев мәлімдеді.
«2025-2027 жылдар аралығында қалдықтарды сұрыптау және қайта өңдеу бойынша жобалар іске асырылады. Бұл қоқыстарды көму көлемін қысқартуға және қайта өңдеу үлесін арттыруға мүмкіндік береді», - деді спикер.
Сондай-ақ вице-министр көшелер мен аулалардың, қоғамдық кеңістіктің және жалпы қоршаған ортаның жай-күйін бақылауды ұйымдастыру кезінде цифрландыру, бұзушыларды анықтауға және әкімшілік шараларды қолданбас бұрын бейнемониторингтік жүйенің мүмкіндіктері пайдаланылатынын атап өтті.
Бұл ретте азаматтар мен кәсіпорындар тарапынан экологиялық құқық бұзушылықтарды азайту мақсатында тіркеуге арналған камералар саны ұлғайтылмақ. Одан бөлек, мемлекеттік құрылымдар, бизнес ұйымдар, қоғамдық бірлестіктер, БАҚ және білім беру мекемелері сияқты түрлі қатысушыларды тарту арқылы ақпаратпен тиімді алмасуға арналған және азаматтар экологиялық бастамаларға белсенді қатысатын платформа әзірленетіні айтылды. Экологиялық мәдениетті жақсарту үшін экологиялық жауапты мінез-құлықты насихаттайтын инфлюенсерлер мен блогерлер тартылады.
Айта кетейік, бұған дейін елімізде «Таза Қазақстан» экологиялық мәдениетін дамыту тұжырымдамасы бекітілетінін хабарлаған едік.