2025 жылғы «Алтын допқа» кім фаворит болып отыр

АСТАНА. KAZINFORM — Бүгін кешке Парижде «Алтын доп» сыйлығының 69-шы марапаттау рәсімі өтеді, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің тілшісі. 

2025 жылғы «Алтын допқа» кім фаворит болып отыр
Фото: championat.ru

 2024/25 маусымының қорытындысы бойынша әлемнің үздік футболшысына берілетін France Football журналының «Алтын добы» марапаттау рәсімі Шатле театрында өтпек.

Еуропалық БАҚ-тың жазуынша, 2025 жылғы «Алтын доп» енді Лионель Месси мен Криштиану Роналду арасындағы ерекше дуэль емес.

— Бұл екі футбол алыбының дәуірінен кейін әлемдегі ең беделді футбол сыйлығына талас қазір Ламин Ямал мен Усман Дембеленің арасында өрбіп отыр, — деп хабарлады Bein Sports телеарнасы.

Дембеле «Пари Сен-Жермен» (ПСЖ) құрамында жақсы маусым өткізсе, «Барселонаның» жас ойыншысы көптеген футбол сарапшыларының, талдаушылары мен жанкүйерлердің фавориті саналады.

18 жасында Ламин Ямал нағыз футбол феноменіне айналды. 2024/25 маусымында ол 21 гол соғып, 22 нәтижелі пас берді. «Барселонаның» Ла Лигада, Испания кубогінде және Суперкубокта жеңіске жетуінде шешуші рөл атқарды.

— Ламин Ямалдың «Алтын допқа» ие болуы оның жеке жетістігін ғана емес, сондай-ақ Месси кеткеннен кейінгі өтпелі кезеңде «Барселона» командасының ойынын мойындау болар еді, — дейді футбол сарапшылары.

Сонымен қатар Усман Дембеле де ПСЖ сапында әсерлі маусым өткізді. Ол Луис Энрикенің қол астында өз ойынын тапты және клубтың Чемпиондар лигасындағы жеңісіне үлкен үлес қосты. Дембеленің жетістіктеріне қарамастан, Ямалдың тұрақты ойыны және «Барселонаның» жаңарған құрамына ықпалы оған биылғы «Алтын доп» жарысында басымдық беріп отыр.

Тіпті Ямал бұл марапатты жеңіп алмаса да, оның бағыты айқын: ол болашақта «Алтын доп» үшін басты үміткерге айналып, еуропалық және әлемдік футболда ұзақ жыл бойы үстемдік етпек.

Екінші рет «Алтын доп» марапаттау рәсімі Еуропалық футбол қауымдастықтары одағымен (УЕФА) бірлесіп ұйымдастырылады.

Өткен жылы марапатты ағылшындық «Манчестер Ситидің» испандық жартылай қорғаушысы Родри алған.

«Алтын доп» жүлдесі үздік ойыншы мен үздік футболшы қызға олардың жеке көрсеткіштері, командалық жетістіктері және әділ ойын қағидалары негізінде табысталады. Қазылар алқасы — ерлер арасында ФИФА рейтингіндегі алғашқы 100 елдің, ал әйелдер арасында алғашқы 50 елдің маманданған журналистерінен тұрады. Әрбір қазылар алқасының мүшесі 30 үміткерден 10 футболшыны таңдап, оларды ұпай кему ретімен орналастырады. Егер бірнеше үміткердің ұпайы тең түссе, бірінші орынға көбірек қойылған ойыншы жеңімпаз атанады.

Ерлер арасындағы жүлдеге үміткерлердің қорытынды тізіміне «Реал Мадрид» ойыншылары да енді. Олармен «Қайрат» ФК Алматыда өз алаңында келесі кездесуін өткізеді. Бұл — француз Килиан Мбаппе мен бразилиялық Винисиус Жуниор. Екеуі де өз клубтарында да, ұлттық құрамаларында да тұрақты әрі жоғары деңгейде өнер көрсетіп жүр.

«Қайрат» — «Реал» матчына билеттердің бағасы жарияланған еді