2025 жылғы баспана бағасын доллар бағамының құбылғанын ескеріп белгілейміз – вице-министр
АСТАНА. KAZINFORM – Үкімет отырысынан кейін өткен баспасөз мәслихатында Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Қуандық Қажкенов доллардың қазіргі қымбаттауы 2025 жылғы тұрғын үй бағасына қалай әсер ететінін айтты.

— Ипотекасы бар адамдардың банк алдындағы міндеттемелері сол күйі қалады. Доллар бағамының өсуіне байланысты 2024 жыл бойынша әлеуметтік баспананың бір шаршы метрі ірі панельдік үй құрылыстары үшін 300-350 мың теңге көлемінде болып отыр, — деді ол журналист сұрағына берген жауабында.
Оның айтуынша, 2025 жылғы баспана бағасына доллар бағамының қазіргі деңгейі өзгеріс енгізуі мүмкін.
— Ал 2025 жылдың бағасын қазір бағаны қалыптастыру орталығымен бірге доллар бағамының өсуін ескере отырып есептеп жатырмыз. Ипотекасы барлар о баста келісімшартқа қол қойған кезде алған міндеттемелері бойынша несие төлейді. Бұл жерде ешқандай жаңашылдық жоқ, — деді Қуандық Қажкенов.
Бұған дейін елімізде баспана мен көлік бағасы қымбаттауы мүмкін екенін жазған едік.