2025 жылы 19 заң жобасын әзірлеу жоспарланып отыр — Әділет министрі
АСТАНА. KAZINFORM — 2025 жылы 19 заң жобасы әзірленеді. Бұл туралы Үкімет отырысында ҚР Әділет министрі Азамат Есқараев мәлімдеді.
«Әділет министрлігі Мемлекет басшысының, Үкімет басшылығының тапсырмалары, стратегиялық құжаттар, мемлекеттік органдар ұсыныстарының негізінде Үкіметтің 2025 жылға арналған заң жобалау жұмыстары жоспарының жобасын дайындады. Жоспар жобасы аясында 2025 жылы денсаулық сақтау, медициналық сақтандыру, құқық бұзушылықтардың алдын алу, баламалы энергетиканы, телекоммуникация нарығын дамыту және басқа да өзекті бағыттар бойынша 19 заң жобасын әзірлеу көзделген. Оның алтауы — жаңа редакциядағы заң жобалары. Үшеуі қолданыстағы заңдарға түзетулер енгізуді көздейді», — деді Әділет министрі.
Ведомство басшысы жоспар жобасында келесі жылы бюджеттің мүмкіндіктері мен міндеттемелерін ескере отырып, базалық мемлекеттік медициналық көмектің бірыңғай пакетін, сондай-ақ осы саланы дамыту мақсатында телекоммуникациялар мен деректерді өңдеу орталықтары мәселелері бойынша заң жобаларын әзірлеу көзделгенін атап өтті.
Одан бөлек, сайлау туралы заңнаманы жетілдіруге және баламалы энергия көздері саласын дамытуға бағытталған заң жобаларын әзірлеу жоспарланғанын айтты.
«Мемлекеттік қызметті дамытудың 2024-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасын іске асыру шеңберінде жоспар жобасында мемлекеттік қызмет туралы заң жобасын жаңа редакцияда және оған ілеспе заң жобасын әзірлеу көзделген. Заң жобасы сервиске және клиентке бағдарлану қағидаттарына негізделген түпкілікті нәтижеге бағдарланған. Мемлекеттік қызметтің гибридті моделін пайдалана отырып, мемлекеттік ақпаратты кәсібилендіруді көздейтін мемлекеттік қызмет моделін қалыптастыруға бағытталған. Бұдан басқа, жоспардың жобасы республикалық бюджет және ұлттық қордан кепілдендірілген трансферт туралы жыл сайынғы негіздегі әзірленетін заң жобаларын көздейді. Осылайша жоспар жобасы мемлекеттік реттеудің өзекті міндеттерін шешу үшін қажетті заң жобаларын қамтиды және мемлекет дамуының саяси бағытымен сәйкес келеді», — деді спикер.
Жоспар жобасы барлық мүдделі мемлекеттік органдармен келісілген.
Бұған дейін Үкімет отырысында елімізде 203 мың мүмкіндігі шектеулі бала тіркелгені хабарланды.
Сонымен қатар, мүмкіндігі шектеулі балалар үшін мектепте «жеке көмекші» лауазымы енгізілетіні айтылды.