Мүмкіндігі шектеулі балалар үшін мектепте «жеке көмекші» лауазымы енгізілмек

инвалидная коляска
Фото: Жуман Кииков/ Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM — Елімізде мүмкіндігі шектеулі балалармен қазіргі таңда 9 мың арнайы педагог жұмыс істейді. Ендігі жерде тірек-қимыл аппаратының бұзылыстары бар балалар үшін мектепте «жеке көмекші» лауазымы қарастырылуда. Бұл туралы Үкімет отырысында ҚР Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев айтты.

«Мүмкіндігі шектеулі балалармен қазіргі таңда 9 мың арнайы педагог жұмыс істейді. Былтырғы жылмен салыстырғанда педагог-ассистенттер саны 1 мыңнан 2,5 мыңға артты. Мектепке дейінгі ұйымдарда да «педагог-ассистент» лауазымы енгізілуде. Тірек-қимыл аппаратының бұзылыстары бар балалар үшін мектепте «жеке көмекші» лауазымы қарастырылуда. «Педагог» кәсіптік стандартына мүмкіндігі шектеулі балалармен жұмыс бойынша жаңа мамандықтар қосылуда», — деді министр. 

Сондай-ақ, ведомство басшысы педагогтердің біліктілігін арттыру жұмыстары тұрақты жүргізіліп жатқанын айтты. 

«Биыл курстардан 5 мың педагог өтті. Ерекше білім беру қажеттілігі бар балалар санының артуына байланысты туындаған 3,5 мың арнайы маман қажеттілігін шешу бағытында келесі оқу жылынан бастап колледждер «педагог-ассистенттерді» даярлауды бастайды, тиісті бұйрық қабылданды. Арнайы педагог тапшылығы бар Алматы (582), Астана (525), Шымкент (367) қалалары, Түркістан (256) және Маңғыстау (208) облыстары қажетті мамандармен қамтамасыз ету сұрағына баса көңіл бөлуді қажет етеді», — деп түйді сөзін Ғани Бейсембаев. 

Айта кетейік, елімізде 203 мың мүмкіндігі шектеулі бала тіркелген.

Соңғы жаңалықтар
telegram