Елімізде 203 мың мүмкіндігі шектеулі бала тіркелген
АСТАНА. KAZINFORM — Елімізде 203 мың мүмкіндігі шектеулі бала тіркелген. Бұл туралы Үкімет отырысында ҚР Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев айтты.
«Бүгінгі таңда психологиялық-медициналық-педагогикалық консультация (ПМПК) есебінде 203 мың мүмкіндігі шектеулі бала тіркелген. Олардың 66 мыңы — мектепке дейінгі, 137 мыңы — мектеп жасындағы балалар. Аталған санаттағы балалар саны жыл сайын артуда. Былтырғы жылмен салыстырғанда 15 мыңға, яғни 8% өскен (2022 ж. — 175 мың, 2023 ж — 188 мың, 2024 ж — 203 мың)», — деді ҚР Оқу-ағарту министрі.
Ведомство басшысының айтуынша, арнайы қолдауды қажет ететін балаларды оқыту, тәрбиелеу, оңалту 496 арнайы білім беру ұйымында жүзеге асырылады (99 арнайы мектеп, 45 арнайы балабақша, 108 ПМПК, 221 түзету кабинеті, 10 аутизм орталығы, 13 оңалту орталығы).
Мүмкіндігі шектеулі балаларды оқыту үшін мектепке дейінгі ұйымдардың 69%-да, мектептердің 88%-да, колледждердің 80%-да жағдай жасалған. Мектептерде 1071 арнайы жабдықталған кабинет бар.
Бұған дейін Ғани Бейсембаев Назарбаев Зияткерлік мектептеріне бөлінетін қаражат азайғанын мәлім еткен болатын.