Назарбаев Зияткерлік мектептеріне бөлінетін қаражат азайды - Ғани Бейсембаев

АСТАНА. KAZINFORM — ҚР Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев Назарбаев Зияткерлік мектептерінің оңтайлы тәжірибесі басқа мектептерге дұрыс бағыт беретінін айтты.

 Назарбаев зияткерлік мектептері
Фото: Қарағанды облысының әкімдігі

«Былтырдан бері осы мектептерге бөлінетін қаржы 20 млрд теңгеге қысқарды. Сондықтан бұл бағытта жұмыстар атқарылып отыр, барлық мәселе қарастырылып жатыр. Жалпы, осы мектептердің тәжірибесін және осы оңтайлы тәжірибенің ел аумағындағы мектептерге таратылуын жоққа шығаруға болмайды. Бұл мектептер (Назарбаев Зияткерлік мектептері) өз деңгейінде брендке айналды. Мәселен, шетелдік мамандар осы мектептердің тәжірибесін зерделеп жатқанын атап өткен жөн», - деді Ғ. Бейсембаев Мәжілістің жалпы отырысынан кейін тілшілер сұрағына жауап бере отырып.

Бұл тұрғыда министр Назарбаев Зияткерлік мектептері жақсы деңгейде дамығанын, сондықтан оның тәжірибесі басқа да мектептерге дұрыс бағыт беретінін атап өтті.

Атап айтқанда бүгін Мәжілістің жалпы отырысында Магеррам Магеррамов Назарбаев Зияткерлік мектептері мен Назарбаев Университетіне неліктен қомақты қаражат бөлініп жатқанын сұраған болатын.

Осыған дейін Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов Ұлттық қор қаражатын пайдалану практикасын доғару қажеттігін айтты.

 

Соңғы жаңалықтар