2025 жылы Астана экономикасы 11,6%-ға өсті
АСТАНА. KAZINFORM — 2025 жылдың қорытындысы бойынша Астанада экономиканың тұрақты өсуі байқалып, негізгі мақсатты индикаторлар бойынша оң динамика қалыптасты. Сондай-ақ қала дамуына бағытталған инвестиция көлемі де артқан.
Бұл туралы Астана қаласы мәслихатының елорданың 2025 жылғы бюджетінің атқарылуы туралы есепті бекітуге арналған сессиясында «Астана қаласының экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы» ММ басшысы Айжан Түгелбаева айтты.
— Елорда дамуының 2025 жылға арналған жоспарында 38 мақсатты индикатор қарастырылған. Жыл қорытындысы бойынша, 24 көрсеткіш орындалды, ал 12 индикатор бойынша жоспарлы көрсеткішке қол жеткізілмеген, 2 индикатор бойынша нақтылау жұмыстары жүргізіліп жатыр, себебі түпкілікті статистикалық деректер кейінірек жарияланады. Жалпы алғанда, жоспарды іске асыру қала дамуының негізгі бағыттары бойынша тұрақты ілгерілеуді көрсетіп отыр, — деді басқарма басшысы.
Спикердің сөзінше, экономикалық блокта да оң серпін байқалады. Жалпы өңірлік өнім 33%-ға өсіп, жоспарланған 29%-дан асып түскен.
— 2025 жылы қала экономикасы 11,6%-ға артты, бұл өнеркәсіп, сауда, құрылыс және көлік-логистика салаларының белсенді дамуын көрсетіп отыр. Негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 2,5 трлн теңгені құрап, 21%-ға өсті, — деді Айжан Әлімқызы.
Басқарма басшысының айтуынша, жоспарды іске асыру кезеңінде елорда экономикасына жалпы 8,8 трлн теңге инвестиция тартылған. Оның 66%-ы жеке инвестицияларға тиесілі.
— Сондай-ақ шағын және орта бизнестің рөлі артты: оның жалпы өңірлік өнімдегі үлесі 66%-ға жетіп, жоспарлы 61,7%-дан жоғары болды. ШОБ-ты қолдауға бюджеттен 49 млрд теңге бөлінді, — деп атап өтті ол.
Бұған дейін Қазақстан экономикасы төрт айда 3,6%-ға өскені туралы жазғанбыз.